ҚазҰУ-да Жамбыл Жабаев апталығының ашылуы өтті

Әл-Фараби кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, арнайы апталық басталды.

Рухани шараның шымылдығы ұлы ақынның кітаптары мен суреттері қойылған Әл-Фараби кітапханасының және Жамбыл, Сүйінбай музейлерінің «Жамбыл әлемі» көшпелі көрмесімен ашылды.

Жамбыл Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы. Жасынан өлең-жырға қанып өсіп, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алды. Сонымен бірге Жамбыл туысқан  қырғыз елінің де сөз өнерін жетік біліп, Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен. Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген.

Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Бұл айтыстарда Жамбыл өзін сөздің шебері, ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетті. Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін  жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді. Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан  жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді.

Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. Оның үздік  шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері зор болды.

Іс-шара өтетін күн: 22.11.2021 ж

Көрмені ұйымдастырушы: әл-Фараби кітапханасы.

Осы іс-шара байланысты әл-Фараби кітапханасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Ақынның қазақ әдебиетіне қалдырған мұрасы көпшілік оқырманның бүгінгі күні қызығып оқитын туындылары болып табылады. Бұл көрме әл-Фараби кітапханасы қорындағы Жамбыл ақынға байланысты басылымдармен оқырмандарды таныстырады. 

Көрме келесі бөлімдерден тұрады

  • Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ұлы ақыны
  • Алатау асқарынан жыр асырған
  • 100 жасаған бәйтерек
  • Ұлылыққа тағзым

Көрмеге қысқаша шолу

Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ұлы ақыны

Жамбыл гуманист ақын, планеталық тұлға, халықтар достығының жыршысы. Көрменің Жамбыл ақын шығармаларына арналған бөлімінде 1948 жылы Москвада шыққан Джамбул  «Избранные песни» кітабы, екі томдық Д. Джабаев «Моя Родина» 1987 жылы Алматыда шыққан кітабы және тағы басқа басылымдар оқырмандар назарына ұсынылған.

Алатау асқарынан жыр асырған

Көрменің Жамбыл ақын шығармаларына арналған бөлімін толықтырып тұрған кітаптар арасынан Жамбыл Жабаев «Өлеңдер. Айтыстар. Дастандар», «Халық – менің шын атым», «Песня о счастье» кітаптары оқырмандарға ұсынылған.    

100 жасаған бәйтерек

Жамбыл ақын туралы басылымдар көрменің бірінші бөлімінде топтастырылған. Бұл жерде оқырмандар У. Қалижановтың «Жамбыл» жинағын, Е. Исмаиловтың «Акыны» монография о творчестве Джамбула и других акынов» монографиясын көре алады.

Ұлылыққа тағзым

Көрменің Жамбыл творчествосына арналған бөлімінде «Жамбыл Жабаев творчествосы» монографиясы 1989 жылы Алматыда шыққан кітабын көреміз. Жүз жасаған ақынның мол мұрасын насихаттау, зерттеу жұмыстары әдебиеттану саласының арнасынан шығып адамзаттың   мәдениет, өркениет айдынында да қазақ халқын әйгілеумен келеді.  

Көрменің оқырмандық бағыты: іс-шараға қатысушылар, қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.

Көрмеге қойылған құжаттар: кітаптар, журналдар6 газеттер, фотосуреттер.

Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы Жамбыл Жабаев туралы материалдармен оқырмандарды таныстыру.

Яндекс.Метрика