Кітапхананы пайдалану ережесі

Қосымшалар:

1. Кітапхана және пайдаланушы құқықтары мен міндеттері

2. Жоғалған және зиян келтірілген кітаптарға өтемақы төлеу шарттары

3. Кітап алуға онлайн-өтінім беру

1. Жалпы ережелер

1.1 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы кітапханасы (бұдан әрі қарай – Кітапхана) университеттің оқу процесі мен ғылыми-зерттеу қызметінің тақырыптық бағыттарындағы қорларды қалыптастырады, сақтайды және оларға қол жеткізу мүмкіндігін ұйымдастырады.
1.2 Кітапхана ғылыми, ақпараттық, мәдени-ағартушылық функцияларды орындайды, университетте оқу, оқу-тәрбиелік, ғылыми және инновациялық қызметті жүзеге асырады.
1.3 Бұл Ереже ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2000 ж. 17 қарашадағы № 827 бұйрығымен бекітілген «Жоғары кәсіптік білім беру ұйымының кітапханасы туралы» Үлгілік ережеге; әл-Фараби атындағы кітапхана туралы Ережеге және университеттің нормативтік құжаттарына сәйкес әзірленген.
1.4 Бұл Ереже кітапханада оқырмандарға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың жалпы тәртібін реттейді.
1.5. Пайдаланушы кітапхана қызметтерін пайдалана отырып, осы ережелермен келіседі және Кітапхана пайдаланушыларының құқықтарымен, міндеттерімен  танысқанын растайды.

2. Оқырмандардың кітапханаға тіркелу тәртібі
2.1 Кітапханаға университеттік ID картасы арқылы тіркеледі. Ол үшін кітапханашы-менеджерлерге жолығу қажет.
2.2 Бірінші курс студенттері жеке куәлікпен тіркеледі. ID картасын алғаннан кейін, кітапханашы-менеджерге жолығып, міндетті түрде тұрақты тіркеуден өтеді. Әрі қарай картаны оқырман билеті ретінде пайдаланады.
2.3 Тіркелгеннен кейін оқырман Кітапхананы пайдалану ережесімен танысып, оны қатаң сақтауға міндетті.
2.4 Қала және республика бойынша басқа жоғары оқу орындарының студенттері ЖОО кітапханалары арасында меморандум жасалғаннан кейін ID картасы немесе студенттік билеттерімен Кітапхана қызметін пайдалана алады.
2.5 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқымайтын, жұмыс істемейтін, басқа жоғары оқу орындарында да оқымайтын тұлғалар, егер Ережеде өзгеше көзделмесе, Кітапханаға тіркеле алмайды. Толығырақ осы Ереженің «8. Сырттан келген пайдаланушыларға арналған ережелер» тармағынан білуге болады.

3. Абонементті пайдалану ережелері
3.1 Абонементтен әдебиеттер үйге беріледі. Сондай-ақ, пайдаланушы кітап алуға онлайн-өтінім жасай алады.
3.2 Әдебиетке тапсырыс беру кезінде оқырман ID картасын ұсынады (1 курс студенттері қыркүйек айының соңына дейін жеке куәлікпен алады).
3.3 Оқырман кітапхана қорынан кітаптар мен басқа да материалдарды алғанда, оларды мұқият қарап шығуы қажет. Басылымның қандай да бір ақауы бар екенін байқаса, кітапханашыға көрсетеді, өйтпеген жағдайда басылым ақауы үшін жауапкершілік соңғы пайдаланған оқырманға жүктеледі.
3.4 Пайдаланушы әдебиетті бір семестрге немесе бір жылға алады.
Назар аударыңыз! Жоғалған және зиян келтірілген кітаптарға өтемақы төлеу шарттары туралы толығырақ мына жерден қараңыздар.
3.5 Энциклопедиялар, анықтамалықтар, диссертациялар тек оқу залдарында ғана пайдалануға беріледі. Керек әдебиет абонементте болмай қалған жағдайда, оны кітапхананың http://elibrary.kaznu.kz. сайтының басты бетіндегі бөлімнен табуға болады.

4. Оқу залын пайдалану ережелері
4.1 Классикалық оқу залын пайдалану үшін қолданушы ID картасын ұсынса жеткілікті.
4.2 Классикалық оқу залына келушілерге қорда еркін пайдалану режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Оқырмандар қажет әдебиетті сөрелерден өз бетінше тауып, таныса алады және таңдаған кітаптарын ID картасы арқылы «Өзіне-өзі қызмет көрсету» терминалы арқылы рәсімдеп алып кете алады.
4.3 Қажетті әдебиет оқу залында болмаса, пайдаланушы оны кітапхана сайтындағы http://elibrary.kaznu.kz. «Электронды кітапхана» немесе «Электронды каталог» бөлімдерінен тауып, залдың кітапханашы-менеджеріне тапсырыс беру арқылы алуына болады.
4.4 Кітаптарды оқу залынан «Өзіне-өзі қызмет көрсету» терминалы арқылы үш күнге үйге алуға болады.
Назар аударыңыз! Жоғалған және зиян келтірілген кітаптарға өтемақы төлеу шарттары туралы толығырақ мына жерден қараңыздар.
4.5 Жалғыз дана әдебиет үйге берілмейді, бірақ қажетті беттерін залдағы ксерокс аппараттары немесе ұялы телефон арқылы көшірме жасап алуға болады

5. Диссертация залын пайдалану ережелері
5.1 Диссертациялық жұмыстарды ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы, ғылыми қызметкерлер, докторанттар мен магистранттар рұқсат хатсыз, ID картасын ұсыну арқылы пайдалана алады.
5.2 Диссертациялар тек диссертация залында жұмыс істеу үшін беріледі.
5.3 Диссертация материалдарын дұрыс пайдалану оқырманның жауапкершілігіне жүктеледі.
5.4 Диссертациялық жұмыстарды суретке түсіруге немесе диссертация залынан алып шығуға тыйым салынады.
5.5 Қажет болған диссертациялық жұмыстың бар-жоғын кітапхананың веб-порталында орналасқан Электронды каталогтан қарауға болады.
5.6 Диссертациялық жұмыстардың электронды нұсқасына https://elib.kaznu.kz/order-book сілтемесі арқылы тапсырыс беруге болады.

Сырттан келген пайдаланушыларға арналған ережелер
• Диссертациялар сырттан келген пайдаланушыларға жіберген ғылыми мекеменің ресми бланкісінде рәсімделген, оның басшысы қол қойған өтінішхат (жүктеу) негізінде беріледі.
• Диссертациялар қорын пайдалануға құқық беретін өтінішхат бір жылға жарамды.
• Диссертация материалдарын дұрыс қолдану жауапкершілігі пайдаланушының өзіне және өтінішхатқа қол қойған басшыға жүктеледі.
Диссертациялық жұмыстарды кітапханаға тапсыру ережелері
5.7 Әл-Фараби кітапханасы диссертациялар қорын дәстүрлі (баспа) және электронды түрде жинақтайды.
5.8 Авторлар кітапхананың Қорды жинақтау және сервистік қолдау басқармасына диссертациянының түпнұсқасын (баспа түрінде, 1 дана) және CD-диск/флеш-картасымен (1 дана) электронды нұсқасын тапсыруы қажет.
• Диссертация сапалы тігілген, мұқабасы қатты болуы керек.
• Түзетулері, ақаулары бар, мөрі анық басылмаған диссертациялар қабылданбайды.
• Кітапханаға қабылданған диссертацияларға техникалық өңдеу жасалып, Ирбис 64+ бағдарламасы арқылы электронды каталогқа енгізеді.

6. Кітапхананың электронды залын пайдалану ережелері
6.1 Кітапхананың электронды залын пайдалану үшін кітапханашы-менеджерге ID картасын ұсынса жеткілікті (1 курс студенттері ID карта алғанша жеке куәлігін көрсетеді).
6.2 Электронды зал Интернет желісінің ресурстарына, жазылым дерекқорларына және өзіміз қалыптастырған дербес электронды ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады. Компьютерлерде орнатылған оқу және ғылыми қызметті бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
6.3 Электронды кітапхана пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін мультимедиалық, Интернетпен, графикалық бағдарламалармен және спутниктік телевизиямен жұмыс істеу аймақтарына бөлінген.

7. Мерзімді басылымдар залын пайдалану ережелері
7.1 Кітапхананың мерзімді басылымдар залын пайдаланушы кітапханашы-менеджерге ID картасын ұсынса жеткілікті (1 курс студенттері ID картасын алғанша жеке куәлігін көрсетеді).
7.2 Мерзімді басылымдар залында соңғы үш жылда шыққан отандық және шетелдік газеттер мен журналдарға, хабаршыларға, бюллетеньдерге, т.с.с. қол жеткізуге болады. Одан ерте жарық көрген басылымдарды кітапханашы-менеджерге жолығып, кітапхана қорынан алдыртуға болады.
7.3 Оқырмандар жиі сұрайтын мерзімді басылымдар жеке (папкаларға) тігіліп тұрады.

8. Сырттан келген пайдаланушыларға арналған ережелер
8.1 Жоғары оқу орындарының студенттерінен басқа сырттан келген пайдаланушылар және заңды тұлғалар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында тиісті келісім-шарт жасалғаннан кейін, кітапхана қызметін ақылы келісім-шарт негізінде пайдалана алады.
8.2 Тиісті келісім-шарт жасалғаннан кейін үшінші тарап ұйымдарының қызметкерлері мен студенттеріне барлық оқу залдарында (абонементтерді, диссертациялық қорды, сирек басылымдар мен қолжазбалар қорын қоспағанда) қызмет көрсетіледі.

9. Сыйға берілген кітаптармен жұмыс
9.1 Кітапхана сыйға келесі басылым түрлерін дәстүрлі және электронды түрде қабылдайды:
• оқу және оқу-әдістемелік басылымдар (соңғы 5 жылда шыққан басылымдар);
• ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдар (соңғы 5 жылда шыққан басылымдар);
• көркем альбомдар;
• отандық және шетелдік көркем әдебиет;
• кітапхананың бейініне (профиліне) сәйкес келетін журналдар немесе жиынтықтағы жетіспейтін басылым данасын толықтыруға қажет журналдар;
• сирек, ерекше, құнды категорияларға жататын басылымдар, қолжазбалар
9.2 Сыйға қабылданатын басылымдардың негізгі өлшемдері – өзектілігі, ғылыми, тарихи және көркемділік құндылығы, кітапхана қорын жинақтаудың тақырыптық-типологиялық бейініне сәйкес болуы.
9.3 Кітапхана ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға, нәсілдік төзбеушілік, қоғамға жат мінез-құлық пен басқа да жағымсыз құбылыстарды насихаттауға бағытталған басылымдарды сыйға қабылдамайды.
9.4 Сыйға берілетін басылымдар әл-Фараби атындағы кітапхананың Қорды жинақтау және сервистік қолдау басқармасында қабылданады.
9.5 Қорды жинақтау және сервистік қолдау басқармасына 8 (727) 3 77 33 33 (ішкі нөмірі 17-03) телефоны бойынша хабарласу қажет немесе library@kaznu.kz электронды поштасына ұсынылатын басылымдардың авторы, атауы, баспасы, шыққан жылы, басылымның жай-күйі көрсетілген тізімді жіберу қажет.

Яндекс.Метрика