Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Жібек жолы» атты әдебиет апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу шарасына Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің үгіт бөлімі басшысының орынбасары Ху Хэпин, ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй, Қытайдың кітап импорт-экспорт корпорациясының атқарушы директоры Ли Хунвэн, сондай-ақ университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттері қатысты. Шара аясында университет кітапханасында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – мәдениаралық диалогты дамыту, Қазақстандағы қытайтану саласындағы кітаптармен, қытайтану кафедрасы оқытушыларының Қытайдың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы жазған және аударған еңбектерімен таныстыру. Көрмеде кітапхана қорынан 150-ден астам кітап пен мерзімді басылым қойылды.
Көрме келесі бөлімдерден тұрады:
- Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы
- Аспан асты елі – Қытай
- Қытай әдебиеті
- Қазақстандағы қытайтану
- Ғалымдар бірігуі – табыс жолы
Іс-шара аясында Әл-Фараби кітапханасына қытай делегациясы 100 кітап сыйға тартты.