2026 жылғы 13 қарашада Әл-Фараби кітапханасында көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Бабанияз Әбілқасымовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ тілінің тарихи кеңістігі: жазба мұра және жаңа ғылыми парадигмалар» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ғылыми жиынға еліміздің белгілі ғалымдары, тіл мамандары, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен жас зерттеушілер қатысып, ғалымның қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі, ғылыми мұрасы және қазақ тілінің тарихи даму мәселелері жөнінде баяндамалар жасады.
Аталған конференцияға орай Әл-Фараби кітапханасының қорынан «Бабанияз Әбілқасымовтың ғылыми мұрасы және қазақ тіл білімінің дамуы» атты екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің бірінші бөлімі көрнекті ғалым Бабанияз Әбілқасымовтың ғылыми мұрасына арналды. Бұл бөлімде ғалымның «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі», «Қазақ тілі тарихына қатысты түркологиялық ізденістер», «Қазақтың ескі жазба әдеби тілі», «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің жазба нұсқалары», «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты іргелі зерттеу еңбектері ұсынылды. Сонымен қатар ғалымның аудармасымен жарық көрген 17 ғасыр тарихшысы Әбілғазының «Түрік шежіресі», құрастырушы және редакциялық алқа мүшесі ретінде атсалысқан «Әдеби жәдігерлер», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» және басқа да ғылыми басылымдар қойылды. Көрмеден автордың «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы» және өзге де мерзімді басылымдарда жарияланған қазақ жазба әдеби тілінің қалыптасуы, түркітану, тарихи мұра және тіл мәдениеті мәселелеріне арналған мақалалары да орын алды.
Көрменің екінші бөліміне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорларының қазақ тілі, тіл тарихы, тіл мәдениеті, лингвистика және қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми еңбектері қойылды. Бұл бөлім отандық тілтанушы ғалымдардың зерттеу бағыттарын және университет ғалымдарының қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесін таныстыруға арналды.
Жиын соңында Бабанияз Әбілқасымовтың зайыбы Көбден Айжамал Әл-Фараби кітапханасына ғалымның кітаптарын сыйға тартты. Бұл құнды еңбектер кітапхана қорын толықтырып, болашақ зерттеушілер мен оқырмандар үшін маңызды ғылыми мұра болмақ.