коллекция

Шағын мүсіндер
көрмесі

Пернегуль Омарова

Киіз үй

Киіз үй

Киіз үй – көшпелілер өркениетінің шыңы, адам мен табиғат үйлесімінің айқын үлгісі. Бұл жай ғана баспана емес, әлемнің кішірейтілген моделі іспетті: дөңгелек негізі жерді, ал шаңырағы аспан күмбезін бейнелейді. Киіз үйдің әрбір бөлшегі – бірлікке шақырған керегеден бастап, киіз басу өнерінің асқан шеберлігіне дейін терең мағынаға ие. Ол – қонақжайлылықтың символы және ұлы даланың өткені мен болашағын бір шаңырақ астында тоғыстырған киелі мекен.

Кенесары хан

Кенесары хан

Кенесары Қасымұлы – біртұтас Қазақ хандығының соңғы ханы, XIX ғасырдағы ең ірі ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, көрнекті мемлекет қайраткері және қолбасшы. Бұл бейнеде ханның қайтпас қайсарлығы, стратегиялық ақыл-ойы мен текті тұлғасы айшықталған. Кенесары хан есімі – бүгінгі таңда ұлттық жаңғырудың нышаны, халқымыздың азаттық пен бірлікке деген мәңгілік ұмтылысының символы.

Сұлтан Бейбарыс

Сұлтан Бейбарыс

Сұлтан Бейбарыс – Мысыр мен Шам өлкесінің аңызға айналған билеушісі, есімі әлем тарихында қаһармандық пен айбынның нышаны болып қалған ұлы қолбасшы. Дешті Қыпшақ даласының перзенті ретінде ол мәмлүк жауынгерінен бастап, моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарын тоқтатқан ұлы сұлтанға дейінгі даңқты жолдан өтті. Бұл бейнеде жауынгердің болаттай берік жігері мен мемлекет қайраткерінің парасаты айшықталған

Қазақ батыры

Қазақ батыры

Батыр – жай ғана жауынгер емес, ол халықтың қайтпас қайсары, елдіктің асқақ рухы мен арының символы. Экспонатта батырдың бес қаруы мен сауыт-сайманды толық жабдығы бейнеленген. Бұл бейне ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандардағы бабалар ерлігін паш етеді. Батырлардың өр тұлғасы – ұрпаққа ұран, егемендіктің берік тірегі.

Әжемнің әлдиі

Әжемнің әлдиі

Бесік жыры – ұрпақтар арасындағы алғашқы рухани алтын көпір. Бесік тербелісі – тіршіліктің тынысы мен салт-дәстүр сабақтастығының нышаны. Бесік жыры арқылы сәбидің бойына туған жерге деген сүйіспеншілік, тектілік пен парасаттылық сіңген. Бұл бейне адам тәрбиесі мен ұлттық рухтың қайнар көзі әженің ыстық құшағы мен ақ тілекті әлдиінен бастау алатынын ұғындырады.

Қызық әңгіме

Қызық әңгіме

Бұл сюжет адамдар арасындағы шынайы жақындық пен сыйластық сәтін бейнелейді. Экспонат ұрпақтар сабақтастығы мен өмірлік тәжірибе алмасу нышаны: ол үлкеннің өнегелі өсиеті немесе замандастардың еркін пікірлесуі болуы мүмкін. Әрбір ишарат пен бас июде өзара құрмет пен сұхбатқа деген ықылас байқалады. Бұл – мағыналы әңгіме арқылы мәдениет қалыптасып, адамзаттық байланыстардың нығая түсетінінің дәлелі.

Әжем келді ауылдан

Әжем келді ауылдан

Бұл сюжет жылылық пен шынайы қуанышқа толы қауышу сәтін бейнелейді. Әженің ауылдан келуі – жай ғана қонаққа келу емес, бұл ұлттық болмыс пен салт-дәстүрдің оралуы іспетті. Оның бейнесінде туған жердің жомарттығы жинақталған: қоржынында базарлығы, ал жүрегінде әрбір немересіне деген ақ батасы мен асыл өнегесі бар. Мүсін қала мен ауыл арасындағы үзілмес байланысты сипаттап, адамның нағыз байлығы оның түп-тамырында жатқанын және үлкендердің шексіз махаббатында екенін ұғындырады.

Арал әуені

Арал әуені

Бұл композиция – құм басқан кемелердің қаңқасында ойнаған желдің гуілі мен алыстаған толқындардың сыбыры. «Арал әуені» – тек экологиялық қасіреттің жоқтауы ғана емес, тағдыры теңізбен егіз өрілген халықтың қажымас қайратының әнұраны. Экспонаттың әр иінінен Арал портының айбынды өткені мен үлкен айдынның қайта оралуына деген үміт естіледі. Бұл – адамзатты табиғаттың үніне құлақ түруге, қоршаған ортаның нәзіктігін ұғынуға және адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтауға шақыратын үнсіз үндеу.

Күту

Күту

Күту – бұл төзім мен үміт, сенім мен сағыныш тоғысқан жан дүниенің терең күйі. Бұл бейнеде іштей тынған сәт – алысқа қадалған жанар мен сабырға толы кейіп айшықталған. Ұзақ жолдан жақынын күту болсын немесе жақсы хабардан үміт үзбеу болсын – бұл бейне адам рухының асқақтығын көрсетеді. Экспонат күтудің үнсіздігінде ең шынайы махаббат туып, нағыз адалдықтың сыналатынын ұғындырады.

Әжемнен қалған асыл мұра

Әжемнен қалған асыл мұра

Бұл экспонат – қолдан қолға, жүректен жүрекке жететін даналық пен ұрпақтар сабақтастығының нышаны. Мұра дегеніміз – тек бағалы бұйымдар (әшекейлер, үй жиһаздары) емес, сонымен бірге ұлттық код: салт-дәстүр, бесік жыры мен өнегелі өсиет. Мүсін әженің әулет сыры мен шаңырақ берекесін сақтаушы ретіндегі қасиетті бейнесін ашады. Оның еңбекпен ширыққан мейірімді алақаны – келер ұрпақты тәрбиелеудің және ұлттық болмысты сақтаудың берік тірегі.

Әпке

Әпке

Бұл экспонат отбасы иерархиясындағы нәзіктіктің, шынайылық пен жылылықтың символы – қыз баланың бейнесін айшықтайды. Дәстүрлі мәдениетте қыз бала – тек қамқорлық нысаны ғана емес, сонымен бірге әулеттер мен ұрпақтар арасын жалғайтын болашақ шаңырақ иесі, береке бастауы. Мүсін бойындағы ішкі тазалық пен жасампаз қуат жақындардың басын біріктіретін мейірімділікті паш етеді. Қыз бала бейнесі – отбасылық үйлесімнің негізі болып саналатын жанашырлық пен шексіз қолдаудың көрінісі.

Ағатай

Ағатай

Бұл мүсін – әулеттің арқасүйері, ұрпақтар үндестігінің алтын көпірі болған аға тұлғасын айшықтайды. Халқымыздың ұғымында – бауырларына қамқор, шаңыраққа ие болатын «екінші әке». Бейнеден ағалық асқақ айбынмен қоса, тұңғыш баланың иығына түсетін ерте есею мен жауапкершілік салмағын байқауға болады.

Алма

Алма

Алма – жай ғана жеміс емес, Қазақстан тарихымен тығыз байланысты терең символ. Жер бетіндегі барлық алманың генетикалық отаны саналатын Іле Алатауының бөктері әлемге Сиверс алмасының алғашқы дәмін сыйлады. Экспозицияда алма береке мен молшылықтың, қонақжайлылық пен өркендеудің нышаны ретінде бейнеленген. Бұл бейне атауы осы асыл жеміспен байланысты Алматы қаласының мәдени кодымен тығыз ұштасады. Алма – табиғат пен адамзат өркениетін жалғайтын шынайы көпір.

Айна

Айна

Айна – тарихтың үнсіз куәгері және өзіңді танудың метафорасы. Экспозицияда ол тек сыртқы сұлулықты ғана емес, сонымен бірге адам жанының тереңдігін бейнелейді. Ол көрерменді өз-өзімен сөйлесуге: өткен мен бүгіннің байланысын көруге, өз болмысын сезінуге және қазіргі сәттің құндылығын ұғынуға шақырады. Бұл – ойдың тазалығы мен адамның өз шынайылығын тануға деген мәңгілік ұмтылысының нышаны.

Алма бағында

Алма бағында

Экспонат Алатау баурайына тән молшылық пен үйлесімділік атмосферасын бейнелейді. Бұл жерде бақ – әулеттің символы: тамыры тереңге жайылса, жемістері келер ұрпақты аңғартады. Гүлдеген немесе жеміс берген бақ бейнесі өмірдің ең тәтті сыйын алу үшін қамқорлық, төзім мен махаббат қажет екенін еске салады.

Қорқыт ата

Қорқыт ата

8–9 ғғ.

Қорқыт – аты аңызға айналған кемеңгер ойшыл, ұлы ақын, дәулескер күйші, қобыз аспабын алғаш жасаушы сәуегей көріпкел, бақсы. Ол 8-9 ғғ. Сырдария жағалауында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпаларынан шыққан. Ұлы тұлға түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ мұра болып саналады, қазақ халқы оны Қорқыт ата деп қастерлейді. Қорқыт ата бейнесі сан алуан аңыз-әңгімелерге арқау болған және 14 ғасырда хатқа түскен «Қорқыт ата кітабы» атты тарихи-әдеби ескерткіш сақталған.

Қыз Жібек

Қыз Жібек

XVI–XVII ғғ.

Қыз Жібек – қазақ халқының атақты «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының бас кейіпкері, сұлулық пен адал махаббаттың символы. Дастан XVI-XVII ғасырлардағы тарихи оқиғаларға негізделген. Бұл – қазақ даласы өзара қақтығыстар мен тартыстардан зор қасірет шеккен күрделі кезең еді. Қос ғашық – сұлу да нәзік Жібек пен ержүрек Төлегеннің кіршіксіз әрі адал махаббаты мәңгілік адалдық пен шынайы сезімнің символына айналды.

Сақ патшайымы Томирис

Сақ патшайымы Томирис

б.з.д. 570–520 жж.

Тұмар (Томирис) ханша (шамамен б.з.д. 570-520 жж.). – массагеттердің аңызға айналған билеушісі, дала әйелдеріне тән қайсарлық пен ерліктің символы. Әлем тарихында оның есімі парсының құдіретті патшасы II Кирді жеңген ерлігімен тығыз байланысты. Бұл бейнеде патшайымға тән паңдық қана емес, Отан қорғаушыға тән болаттай берік жігер айшықталған. Алтынмен апталған киімі мен «аң стиліндегі» әшекейлері көшпелілердің көне өркениетінің айбынын паш етеді.

Абылай хан

Абылай хан

XVIII ғ.

Абылай хан 18 ғасырдың аса көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі болған. Мінез-құлқы, рухы мықты болған Абылай хан өзін ақылды, көреген саясаткер, шебер дипломат, ержүрек батыр мен қолбасшы ретінде көрсете білді. Ол негізінен халық батырларына арқа сүйеп, жоңғарлар жаулап алған қазақ жерлерін толық босатып, қайтаруға көп күш салған хан.

Қобыланды батыр

Қобыланды батыр

XV ғ.

Кобыланды батыр – XV ғасырдың Қара Қыпшақ тайпасының аңызға айналған көсемі, аса ірі әскербасы. Көк орда ханы Әбілхайырдың тұсында биік мерей иеленген, бөлінген ноғайлыларға қарсы жорықты басқарған. Алуан-алуан аңыздардың, «Қобыланды батыр» қаһармандық жырының бас қаһарманы.

Жауынгер қыз

Жауынгер қыз

Ата-бабаларымыз кең кеңістікті билеп-тостегенде кеуделі ұлдарымен қатар қыздарын да асау жүрек етіп баулыған. Алаштың әрі сарбаз, әрі сардар қыздары ерге-ер, серіге-сері серік бола біліп, ата мекенді алапат ерлікпен қорғағаны талай дастанға өзек-арқан болған.

Аманат

Аманат

Аманат – көшпелілер тарихында белгілі бір рөл атқарған әдет. Бұл дәстүр жауласушы екі мемлекет, халық, тайпалар мен рулар арасындағы саяси келісім-шартпен байланысты. Ол бірлік, татулық, бітім жолына қызмет еткен. Келісім-шарттан соң екі жақтың біреуі текті, беделді аманатты, яғни бейбітшілік пен келісім кепілін аттандырған. Аманатқа текті адамдардың – хандардың, сұлтандардың, ақсақал билердің ұлдары жиі жіберілген. Құрметті тұтқын мерейі сақталғанмен, оның өміріне қатер төнуі әбден ықтимал болатын.

Бесік жыры

Бесік жыры

Бесік жыры – кез келген халықтың ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі. Бесік жырының баланың мінез-құлқы мен тұлғалық дамуына әсері мүлде ерекше әрі бірегей. Ал бесіктің бейнесі баланың санасында ең жайлы, ең қауіпсіз орын ретінде сақталады.

Тұңғыш немере

Тұңғыш немере

Бұл композиция ата мен әженің мейіріміне бөленген тұңғыш немеренің отбасындағы ерекше орнын және ұрпақ сабақтастығын бейнелейді. Тұңғыш немере көбіне ата-әженің қолында өсіп, олардың тәлім-тәрбиесін көрген. Үлкендер немере-шөберелеріне ертегілер, аңыз-әңгімелер айтып, өмірден алынған өнегелі оқиғалар арқылы олардың мінез-құлқының қалыптасуына ықпал еткен. Осындай тәрбиенің арқасында бала туған халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңіріп өскен.

Айша бибі

Айша бибі

XI–XII ғғ.

Айша бибі (XI-XII ғғ.) – Қараханидтер дәуірінде өмір сүрген, тарихи аңыз бойынша Қарахан батырдың қалыңдығы, сұлулық пен махаббаттың символына айналған тұлға. Ол ғашығына бара жатқан жолда жылан шағып, қайтыс болған және оның құрметіне Тараз маңында орналасқан, бірегей ою-өрнекті Айша бибі кесенесі тұрғызылған. Бүгінде Айша бибі кесенесі зиярат ететін қасиетті орынға айналған: әйелдер мұнда отбасылық бақыт пен ана болуды тілеп келеді.

Қожа Ахмет Ясауи

Қожа Ахмет Ясауи

XII ғ.

Қожа Ахмет Ясауи – XII ғасырда өмір сүрген, мұсылман әлемі мойындаған киелі философ-сопы, көрнекті ақын әрі діни уағызшы. Сопылық ілімді насихаттап, өз мектебін қалыптастырған. «Диуани хикмет» атты шығармасы арқылы сопылық идеяларды кеңінен таратқан. XIV ғасырда ұлы қолбасшы Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтып, оның құрметіне кесене тұрғыздырған. Бүгінде бұл ғимарат – сәулет өнерінің бірегей ескерткіші әрі тарихи-мәдени мұра болып саналады.

Асан Қайғы

Асан Қайғы

XIV–XV ғғ.

Асан Қайғы – XIV-XV ғасырларда өмір сүрген ұлы ойшыл-философ, суырыпсалма ақын, халық данагөйі, мәмілегер әрі шешен. Халық қамын жеген әулие ретінде танылған. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде ол Қазан хандығында Ұлық-Мұхаммед ханның тұсында ықпалды билердің бірі болған. Асан Қайғы сондай-ақ ұлы күйші ретінде де белгілі. Оның «Ел айырылған», «Асан Қайғының зары», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері бүгінгі күнге дейін орындалып келеді.

Сәукеле киген қалыңдық

Сәукеле киген қалыңдық

Сәукеле – қыздың ұзатылып, тұрмысқа шығар сәтінде киетін ең сәнді әрі салтанатты бас киімі. Сәукеленің тарихи түп-тамыры ежелгі заманнан бастау алады. Зерттеушілер оның үлгісі сақ дәуіріндегі патша әулеті мен түркі, қыпшақ әйелдерінің бас киімдерімен сабақтас екенін айтады. Сәукеле – конус тәрізді биік бөрік. Ол әдетте күміс әшекейлермен, шолпылармен, асыл тастармен, маржан-моншақтармен және ою-өрнектермен безендіріледі.

Дала самалы

Дала самалы

Көктем. Қызғылт жұмсақ сәулеге даланы шомылдырып жаңа ғана күн шыкқан... Арман арайымен сәл қозғалыста келген үлбірек жеңіл бұлттар бір жаққа маңып барады, бұлттарды әлсіз самал ұзатады. Жанға рахат сол самал қызғалдақтардың әдемі қауашағын оята тербеледі. Бүкіл даланың сәнін келтірген, әлі ашыла қоймаған, оянбаған гүлдер тостағанында мөлдір шыктың тамшылары дірілдейді. Күміс бұлақтың күмбірлі сыңғыры естіледі. Дала жандануда. Мынау сиқырлы сахарада сүйіспеншіліктің өзіндей боп, көктемгі дала самалы әсем де нәзік ғажап қалқиды.

Ұмай ана

Ұмай ана

Ұлы ананың жылы алақанында жайлы жайғасып бала жаны тыныш қана ұйықтап жатыр. Міне, ақырын дұғалы сөз естілді. Ұмай анаға сыйынып, жалбарынды әйел дауысы. Тағы біреу, міне тағы, сансыз дұға. Кімнің кезегі келді екен, кімге құт дарытьш, бала сыйлайды? Ұмай – көне түркі халықтарының әйел құдайы, Тәңірден кейін екінші орында болған. Ұмай – босанған әйелдер қорғаушысы, отбасы мен бала-шағаның желеп-жебеушісі, пірі болып саналған.