2026 жылғы 13 қарашада әл-Фараби кітапханасында белгілі ғалым, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановтың «Патша скифтері. Парадат әулеті. Парфия империясы» атты ғылыми-көпшілік еңбегінің тұсаукесері өтті.
Тағылымды іс-шараға белгілі ғалымдар, тарихшылар, профессор-оқытушылар құрамы және Әл-Фараби кітапханасының директоры Ж.А. Арекенова қатысты.
Жаңа кітапта Еуразия құрлығының ежелгі тарихы, патша скифтерінің шығу тегі, Парадат әулетінің қалыптасуы, сақ тайпаларының тарихи тағдыры және Парфия империясының құрылу кезеңдері жан-жақты қарастырылған. Автор зерттеу барысында Геродоттың тарихи жазбаларына, «Авеста» ескерткішіне, Фирдаусидің «Шахнама» дастанына және басқа да көне жазба деректерге сүйенген. Сонымен қатар еңбекте ежелгі Тұранның тарихи географиясы, халықтардың көші-қон үдерістері мен өркениеттер арасындағы мәдени-тарихи байланыстарға ерекше назар аударылған.
Тұсаукесер барысында қатысушылар кітаптың ғылыми-танымдық маңызын атап өтіп, Еуразия халықтарының ежелгі тарихын зерттеу мен ұлттық тарихи мұраны насихаттау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кітап таныстырылымы соңында автордың 3 тілдегі құнды ғылыми еңбегінің 5 данасы Әл-Фараби кітапханасының қорына сыйға тартылды. Бұл басылымдар кітапхананың тарихи және ғылыми әдебиеттер қорын толықтырып, студенттерге, оқытушыларға және жас зерттеушілерге Еуразияның ежелгі өркениеттері туралы білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби кітапханасы «Патша скифтері. Парадат әулеті. Парфия империясы» атты ғылыми-көпшілік еңбегін сыйға тартқан профессор Р. Алшановқа алғыс білдіреді.