Әл-Фараби мұрасы – ұрпаққа аманат

2026 жылғы 6 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында «Әл-Фараби 2026: Философия. Ізгілік. Болашақ» атты халықаралық симпозиум өтті.

Халықаралық ғылыми жиынға Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Өз сөзінде ол әл-Фараби мұрасының ұлттық руханият пен әлемдік өркениет үшін маңыздылығына тоқталып, ұлы ойшылдың философиялық идеяларын терең зерттеу мен кеңінен насихаттаудың өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды тұрақты түрде өткізу жоспарланғанын жеткізді. Атап айтқанда, мұндай ғылыми жиындар екі жылда бір рет Алматы мен Түркістан қалаларында кезектесіп ұйымдастырылатын болады. Бұл бастама Қазақстанның рухани-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға және отандық ғылымның дамуына серпін бермек.

Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, философтар, зерттеушілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, әл-Фараби ілімінің әлемдік ғылым мен өркениет дамуындағы орны, ізгі қоғам қалыптастыру, адамгершілік, білім мен парасат құндылықтары жөнінде пікір алмасты.

Халықаралық шара аясында Әл-Фараби кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме 7 бөлімнен тұрды.

  1. «Мемлекеттік қолдау және Әл-Фарабидің мұрасын жаңғырту»
  2. «Әл-Фараби еңбектерінің алғашқы басылымдары»
  3. «Әл-Фараби еңбектерінің жаңа басылымдары»
  4. «Әл-Фарабидің рухани мұрасы»
  5. «Әл-Фарабиді зерттеушілер»
  6. «Әл-Фараби әлем тілдерінде»
  7. «Әл-Фарабидің және бүгінгі ғылым»

Көрмеге Президенттің әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ғұлама ғалымның ғибраты» мақаласы, және Пәкістанда, Бұхарада «Әл-Фараби» орталықтарының ашылғандығы туралы мәліметтер ұсынылды. Сондай ақ Мемлекет басшысының әр жылдағы жолдаулары, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына, философиялық көзқарастары мен ғылыми еңбектеріне арналған кітаптар, сондай-ақ әл-Фараби мұрасын зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми басылымдары қойылды.

Әл-Фараби кітапханасында өткен халықаралық симпозиум ғылым мен мәдениетті тоғыстырған маңызды рухани-танымдық алаңға айналды. Ұлы ойшылдың ізгілік, парасат пен білім туралы философиялық тұжырымдары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Яндекс.Метрика