Түркі академиясы Алматы қаласында өткен «Баку I түркология құрылтайының 100 жылдығы: түркология және түркі әлемі» атты халықаралық симпозиум аясында Әл-Фараби атындағы кітапханаға 137 дана кітапты сыйға тартты. Бұл құнды жинақ түркі халықтарының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, рухани мұрасы мен көрнекті тұлғаларына арналған еңбектерден тұрады.
Сыйға берілген басылымдар қатарында көне түркі жазбалары, «Манас» эпосы, қыпшақтану саласына қатысты ғылыми зерттеулер, библиографиялық сөздіктер, халықаралық конференция материалдары және түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасына арналған еңбектер қамтылған. Атап айтқанда, Оқғұштың «En Eski Kuran Çeviresi» («Ең көне Құран аудармасы»), Р. Исаков дайындаған «Сагынбайдын Манасы» («Сағынбайдың Манасы»), Б. Көмеков пен Н. Күзембаевтың «Биобиблиографиялық сөздігі», Кемел Тоқаевтың «Bir Kalem Ustasının Yaşam Öyküsü» («Бір қалам ұстасының ғажап оқиғасы»), сондай-ақ ЮНЕСКО аясында жарық көрген түркі өркениетіне қатысты халықаралық жинақтар кітапхана қорын толықтырды.
Аталған әдебиеттер ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мамандарға, студенттерге және жалпы оқырман қауымға түркі дүниесінің бай мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл сый кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, түркі халықтарының ортақ мәдени құндылықтарын насихаттауға және рухани байланысты нығайтуға үлкен үлес қосады.