ҚазҰУ-да «Аманжолов оқулары 2026» III халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті

2026 жылғы 2–3 маусым күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың ғылыми мұрасына арналған «Аманжолов оқулары 2026» III халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.

Халықаралық ғылыми жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты, Әл-Фараби кітапханасы және «Дәуір және тұлға» ғылыми-ағартушылық жобасы бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияның басты мақсаты түркітану ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау және зерттеу бағытындағы тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ профессор Алтай Аманжоловтың ғылыми мұрасын насихаттау болды.

Халықаралық конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Польша, АҚШ және басқа да елдердің жетекші ғалымдары, зерттеушілері мен жас ғалымдары қатысты. Пленарлық отырыста түркітану ғылымының заманауи даму бағыттары, тіл білімі, мәдени мұра, қолжазбатану және цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға жаңа ғылыми еңбектер таныстырылып, өзекті зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Конференция аясында «Turco-Slavica: мәселелер мен пікірталастар контексіндегі ғалымның тұлғасы», «Мәтіндік дәстүрлер және қолжазбалық мұраны сақтау» және «Цифрландыру дәуіріндегі кітапхана: сын-тегеуріндер мен даму перспективалары» атты секциялық отырыстар ұйымдастырылды.

Әл-Фараби кітапханасында өткен «Цифрландыру дәуіріндегі кітапхана: сын-тегеуріндер мен даму перспективалары» секциясы кітапхана саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Секция жұмысына Әл-Фараби кітапханасының директоры Ж.А. Арекенова модераторлық етті.

Отырыс барысында Әл-Фараби кітапханасының басшылығы мен қызметкерлері, университет ғалымдары және қонақ баяндамашылар кітапхана ісін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, архивтік құжаттарды цифрлық форматқа көшіру, инновациялық кітапхана технологияларын дамыту және заманауи кітапхана мамандарының кәсіби құзыреттерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби кітапханасының директоры Жадыра Арекенова «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі ҚазҰУ кітапханасы және кітапхана ісі» тақырыбында баяндама жасап, кітапхананың цифрлық трансформация бағытындағы тәжірибесі мен болашақ даму стратегиясын таныстырды. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері сирек қорларды сақтау, реставрациялау, ақпараттық қызметтерді жетілдіру, архивтік құжаттарды цифрлық реконструкциялау және инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы жобаларын ұсынды.

Конференцияның екінші күні «Фольклор пәнаралық зерттеулердің қайнар көзі ретінде (әдебиет, тарих, этнография)» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылып, ғылыми пікірталастар мен тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасын тапты.

«Аманжолов оқулары 2026» халықаралық конференциясы түркітану ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға айналып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және Алтай Аманжоловтың бай ғылыми мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етті.

Яндекс.Метрика