«Анаға тағзым» – рухани құндылықтарды дәріптейтін кітап көрмесі

Әл-Фараби кітапханасында анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті дәріптеуге, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді насихаттауға бағытталған «Анаға тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесіне кітапхана қорынан ана тақырыбына, әйел тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына, қазақ өнері мен мәдениетіне, отбасы және адамгершілік құндылықтарға арналған 100-ден астам көркем әдеби шығарма, өмірбаяндық басылым, естелік, поэзиялық жинақ және публицистикалық еңбек ұсынылды.

Көрменің негізгі мақсаты – ана ұғымының адам өміріндегі айрықша орнын таныту, анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, оқырмандардың рухани-адамгершілік дүниетанымын кеңейту және ана тақырыбындағы әдеби шығармаларды кеңінен насихаттау.

Көрме мазмұны үш негізгі бөлімнен тұрады:

«Ана – өмірдің бастауы» бөлімінде қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті әйел тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби және өмірбаяндық басылымдар қойылған. Олардың қатарында Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Әмина Өмірзақова, Нүкетай Мышбаева, Ғазиза Жұбанова, Роза Рымбаева және басқа да өнер қайраткерлері туралы еңбектер бар.

«Ана – мәңгілік махаббат» бөлімінде ғылым мен білім саласында еңбек еткен көрнекті әйелдердің өмір жолы, ғылыми ізденістері мен кәсіби қызметі туралы басылымдар ұсынылған. Атап айтқанда, Рәбиға Сыздықова, Алма Қыраубаева, Хабиба Елебекова, Мәкен Тұрсынбекқызы және басқа да көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер қамтылған.

Ал «Ана бейнесі – әдебиет әлемінде» бөлімінде ана бейнесі, ананың отбасы өміріндегі орны, перзенттік сүйіспеншілік пен адамгершілік құндылықтар көркем әдебиет арқылы көрініс тапқан шығармалар топтастырылған. Олардың қатарында Әмина Шалабаеваның «Ана шырағы», Б. Қайырбековтың «Ана туралы жыр», С. Бегалиннің «Ана қайраты», А. Халимуллинаның «Мәншүктің жұлдызды сәті», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» және басқа да әдеби туындылар бар.

Көрме арқылы оқырмандар ана тақырыбындағы әдеби шығармалармен танысып қана қоймай, қазақ мәдениеті мен өнерінде, ғылымы мен әдебиетінде өзіндік із қалдырған әйел тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы танымдарын кеңейте алады.

«Анаға тағзым» кітап көрмесі оқырмандарды кітап оқуға, анаға деген құрметті бағалауға, жақын жандарды қадірлеуге, мейірімділік пен ізгілікке үндейтін рухани-танымдық бастама болып табылады.

Яндекс.Метрика