Қазақстан халқының тілдері күніне орай Әл-Фараби кітапханасында «Тіл – ұлттың жаны, елдің тұғыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстандағы тілдік және мәдени алуандылықты дәріптеу, тілдің ұлттық тарих пен рухани болмысты сақтаудағы маңызын көрсету, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі мен қоғамдық мәнін насихаттау.
Көрме арқылы көне түркі жазба мұраларынан бастау алатын қазақ тілінің тарихи қалыптасу жолы, қазақ тіл білімінің зерттелуі мен даму кезеңдері, отандық тілші ғалымдардың ғылыми мұрасы кеңінен таныстырылады.
Кітап көрмесі төрт тақырыптық бөлімнен тұрады:
«Тіл – әлем жылнамасын сақтаушы құрал» бөлімінде сирек және құнды кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған басылымдар ұсынылған. Олардың қатарында Ғ. Ибрагимовтың 1919 жылы Қазан қаласында төте жазумен жарық көрген «Тіл сабақтары», Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Қызылордада басылған «Әліп-би: жаңа құрал», сондай-ақ 1922 жылы Ташкентте жарық көрген «Киргизский букварь “Уку-Куралы”» кітабының көшірмесі және басқа да 20-дан астам сирек басылым бар.
«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» бөлімінде қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық және ғылыми мұрасы таныстырылады. Көрмеден ғалымның «Ақжол», «Тіл-құрал», «Тіл тағылымы», «Таңдамалы шығармалары», «Қырық мысал», «Жан сөзімді кім түсінер», «Жоқтау», «Маса» атты еңбектерін көруге болады. Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы ғылыми тұжырымдары қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына берік негіз болды.
«Қазақ тіл білімі: ғылым және тағылым» бөлімінде қазақ тіл білімінің ғылыми мектебін қалыптастырған көрнекті ғалымдардың еңбектері қойылған. Атап айтқанда, М. Балақаев, Ш. Сарыбаев, А. Аманжолов, І. Кеңесбаев, С. Исаев, Р. Сыздық, Ы. Маманов және басқа да отандық тілші ғалымдардың зерттеулері ұсынылған. Сонымен қатар қазақ тілінің грамматикасы, лексикологиясы, фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, орфографиясы, терминологиясы мен тіл мәдениетіне арналған ғылыми басылымдар қамтылған.
«ҚазҰУ ғалымдары: тіл ғылымының биіктері» атты қорытынды бөлім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының тіл білімі, филология және әдебиеттану салаларындағы ғылыми еңбектеріне арналған. Бұл бөлім университет қабырғасында қалыптасқан ғылыми мектептердің сабақтастығын және отандық филология ғылымының дамуына қосылған үлесті көрсетеді.
Көрме университеттің профессор-оқытушылар құрамына, ғалымдарға, докторанттар мен магистранттарға, студенттерге, кітапхана қызметкерлеріне және тіл мен әдебиетке қызығушылық танытатын барша оқырман қауымға арналған.
Тіл – ұрпақтар арасындағы рухани байланысты жалғайтын алтын көпір. Оны сақтау, дамыту және қадірлеу – баршамызға ортақ міндет.