V халықаралық Фараби форумы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде V халықаралық Фараби форумы аясында «Әл-Фараби және жаһандық өркениет: философия, ғылым және рухани құндылықтардың бірлігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция салтанатты түрде ашылды. Ауқымды жиынға шетелдік жетекші ғалымдар, зерттеушілер, дипломатиялық корпус өкілдері және әлемнің түкпір-түкпірінен келген танымал мамандар қатысуда.

Шара дәстүр бойынша ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қонақтар университет қалашығындағы Әл-Фараби музейі мен университет музейін аралау арқылы оқу орнының тарихы және ойшылдың бірегей ғылыми мұрасымен танысты.

Пленарлық мәжіліс аясында «Әл-Фараби және түркі ренессансы» атты жаңа басылымның таныстырылымы өтіп, профессорлар Жақыпбек Алтаев, Әшірбек Муминов және Наталья Сейтахметова ойшыл мұрасының цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі сабақтастығы туралы баяндамалар жасады.

«Әл-Фараби және түркі халықтарының рухани дәстүрлері» халықаралық Фараби форумы аясында мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме конференция қатысушыларына, қонақтар мен студенттерге Әл-Фараби мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – ғылыми дүниетанымды кеңейту және білімге деген қызығушылықты арттыру.

Көрмеге 150-ден астам құжат қойылып, онда ұлы ойшылдың еңбектері, ғылыми зерттеулер мен халықаралық форум материалдары ұсынылған.

Көрменің негізгі бөлімдері:

▪ Алғашқы басылымдар
▪ Жаңа ғылыми еңбектер
▪ Рухани мұра
▪ Зерттеушілер еңбектері
▪ Әл-Фараби және қазіргі ғылым

Нені көруге болады?

Көрмеде Әл-Фарабидің араб тілінде жазылған еңбектерінен бастап, олардың латын және қазіргі тілдерге аударылған нұсқалары ұсынылған. Қазақ тіліндегі аудармалар Ақжан Машани бастамасымен жарық көрген.

Сондай-ақ келушілер «Қайырымды қала», «Философиялық трактаттар», «Музыка туралы үлкен кітап» сынды еңбектермен және фарабитану бағытындағы көптомдық ғылыми зерттеулермен таныса алады.

Көрменің ерекше бөлігінде Әл-Фарабидің рухани мұрасы мен оның адамгершілік, білім және қоғам туралы ойлары кеңінен қамтылған.

Ғалымдар мұрасы – ұлт қазынасы

Әл-Фараби ілімін зерттеген отандық ғалымдар – Ақжан Машани, Амангелді Көбесов, Ануар Әлімжанов, Әбсаттар Дербісәлі еңбектері де көрмеден орын алған.

Бүгінде Әл-Фараби шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жаһандық ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосуда.

Яндекс.Метрика