Әл-Фараби кітапханасында «Қазақстан Республикасында биотехнологияларды дамытудың 2036 жылға дейінгі перспективалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел аясында тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – биология және биотехнология саласындағы ғылыми жетістіктерді, отандық ғалымдардың зерттеулерін, заманауи генетикалық зерттеу әдістері мен биотехнологияның даму бағыттарын оқырмандарға таныстыру, ғылыми білімді насихаттау.
Көрме бөлімдері:
1. «Биология және биотехнология факультеті»
Бұл бөлімде биотехнология, биофизика, биохимия, молекулалық биология, өсімдіктер мен жануарлар биотехнологиясы, биотехнологиялық зерттеулердің әдістері мен технологияларына арналған ғылыми және оқу әдебиеттері ұсынылды. Кітаптар биотехнология саласының теориялық негіздерімен қатар, оның тәжірибелік қолданылу мүмкіндіктерін де қамтыды.
2. «Қазақстандағы биология ғылымы»
Аталған бөлімге Қазақстандағы биология ғылымының қалыптасуы мен дамуына, микробиология, молекулалық биология, жасушалық биология және биологиялық зерттеулердің өзекті мәселелеріне арналған еңбектер қойылды. Сонымен қатар отандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен оқу құралдары арқылы еліміздегі биология ғылымының жетістіктері мен даму бағыттары таныстырылды.
3. «Генетикалық зерттеулердің заманауи мүмкіндіктері»
Бұл бөлімде генетика, молекулалық генетика, экологиялық генетика, генетикалық зерттеулердің әдістері мен заманауи технологияларына арналған әдебиеттер жинақталған. Ұсынылған басылымдар тұқымқуалаушылық заңдылықтарын, генетикалық ақпараттың берілуін, геномдық зерттеулерді және генетиканың медицина, ауыл шаруашылығы мен биотехнологиядағы маңызын түсінуге мүмкіндік береді.
Кітап көрмесі – биология және биотехнология саласындағы ғылыми ақпаратты кеңінен насихаттауға, оқырмандардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға және отандық ғылым жетістіктеріне қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Көрмеге қойылған әдебиеттер студенттерге, жас зерттеушілерге, оқытушыларға және биология мен биотехнология саласына қызығушылық танытатын барша оқырман қауымға пайдалы ақпарат көзі бола алады.