Әл-Фараби атындағы кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Сөз – әлем әміршісі: сөз өнері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Конференция аясында Дандай Ысқақұлының 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Көптомдық басылымға ғалымның әр жылдары жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектері, әдеби-сын мақалалары мен әдебиеттану саласындағы зерттеулері топтастырылған. Автор мерейтойлық басылымды кітапхана қорына сыйға тартты.
Сонымен қатар, кітапхана мен ғалымның бірлескен жұмысының нәтижесінде Дандай Ысқақұлының өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш дайындалды. Аталған басылым ғалымның ғылыми мұрасын жүйелеуге, еңбектерін іздестіруге және зерттеушілерге қажетті библиографиялық ақпарат ұсынуға бағытталған.
Іс-шара аясында университет кітапханасында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты: Қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасын таныстыру, ғалымның әдебиеттану, сын және ұлттық сөз өнері туралы зерттеулерін оқырман назарына ұсыну. Сонымен қатар қазақ әдеби сынының қалыптасуы мен дамуындағы ғылыми ізденістерінің маңызын көрсету.
Көрменің бөлімдері:
«Сөз – әлем әміршісі: сөз өнері»
Дандай Ысқақұлының өмірі мен еңбек жолына арналған бөлім. Ғалымның білім алған кезеңі, ғылыми-педагогикалық қызметі, әдебиеттану саласындағы қалыптасу жолы мен ғылыми жетістіктері туралы материалдар ұсынылады.Бұл бөлімге «Өнегелі өмір», «Қазақ Ұлттық энциклопедиясы», «Қазақстан ғалымдары» тб кітаптар қойылды.
«Ұлағатты ұстаз»
Ғалымның қазақ әдеби сынының тарихы, теориясы мен даму бағыттарына арналған еңбектері топтастырылады. Әдеби үдерісті талдау, көркем шығарманың табиғатын тану және әдеби сынның қоғамдық-эстетикалық мәнін ашатын зерттеулері қамтылады. Бұл бөлімге «Сын өнері», «Қазаө әдеби сынның тарихы», «Сынсонар», «Әдебиет алыптары», «Сынталқы» кітаптары қойылды. Дандай Ысқақұлының ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы мен тұлғалық болмысын зерттеуге арналған еңбектері ұсынылады. Атап айтқанда, «Мұхтар Әуезов. Талант пен тағдыр», «Мұхтар Әуезов хақында мақалалар» атты кітаптары арқылы ғалымның әуезовтану саласына қосқан үлесі таныстырылады.
«Ұстаз-білім мен тәрбиенің ұйытқысы»
Бұл бөлімге кейінгі жылдары Аабай ғылыми зерттеу институтының қолдауымен шыққан кітаптар топтамасы ұсынылды, соның ішінде 2 томдық «Таңдамалы шығармалар», 3 томдық «Қазақ әдеби-эстетикалық ой-пікірінің анотологиясы», 20 томдық «Абай Құнанбаев», «Жамбылтану», және әр жылдары жарияланған 20-дан аса мақалалар қойылды. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымындағы Алаш қайраткерлерінің орнына арналған бөлім. Ғалымның Алаш тұлғаларының әдеби мұрасын зерттеу, олардың ұлттық әдебиет тарихындағы орнын айқындау бағытындағы еңбектері мен ғылыми тұжырымдары қамтылады.