«АЙТЫС РУХЫ: КЕШЕГІ ЖАМБЫЛ, БҮГІНГІ ЖАСТАР» ақындар айтысы

          Әл-Фараби кітапханасының қабырғасында қазақ поэзиясының алыбы, ұлт руханиятының асқар шыңы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «АЙТЫС РУХЫ: КЕШЕГІ ЖАМБЫЛ, БҮГІНГІ ЖАСТАР» атты студент жастар арасындағы ақындар айтысы өтеді.

Аталған мәдени шараның басты мақсаты – Жамбыл мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіру, айтыс өнерін жаңғырту және университет жастарының шығармашылық әлеуетін арттыру. Сонымен қатар, бұл дода – көп жылдан кейін қайта жаңғырған студенттік айтыстың жаңа тынысын ашып, ұлттық өнердің заманауи жастар ортасында жалғасып жатқанын айқындайтын маңызды рухани алаң.

Өтетін күні: 3 сәуір 2026 жыл

Өтетін орын: Әл-Фараби кітапханасы 4 қабат, 416-конференц-залы

Өтетін уақыты: сағат 15:00 де

Айтыс барысында жас ақындар елдік, бірлік, білім, ғылым, ұлттық құндылық, заманауи қоғам, жастар жауапкершілігі сынды өзекті тақырыптарды жырға қосып, Жамбыл жырлаған ұлт рухының бүгінгі көрінісін сахна төрінде айшықтайды. Кешегі дала даналығы мен бүгінгі университет жастарының ой-өрісі тоғысқан бұл сайыс – ғасырлар сабақтастығының көрінісі болмақ.

Шараға университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысады. Айтыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен жас ақындар марапатталады.

«АЙТЫС РУХЫ: КЕШЕГІ ЖАМБЫЛ, БҮГІНГІ ЖАСТАР» – бұл тек өнер сайысы ғана емес, ұлттық рухты ұлықтаған, жас буынның сөз мәдениетін, шешендік қабілетін және азаматтық ұстанымын айқындайтын тағылымды рухани кеш.

Яндекс.Метрика