2026 жылдың 16–17 ақпан күндері Әл-Фараби кітапханасы Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітапханаға кітап сыйла» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Іс-шара кітапхананың 2-қабатындағы оқу залында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтіп, оқырмандар мен зиялы қауым өкілдерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – кітапхана қорын мазмұнды әрі сапалы басылымдармен толықтыру, білім мен ғылымның дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамда кітап сыйлау мәдениетін қалыптастырып, рухани құндылықтарды насихаттау. Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, «Мәдениетаралық коммуникация және әлем тілдері орталығы», педагогика ғылымдарының докторы, профессор-зерттеуші С.Б. Бегалиеваның жетекшілігімен орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының 4-курс шетелдік студенттері, жеке кәсіпкер Нұржан Қалиев, Әл-Фараби орталығының директоры Пірімбек Сүлейменов, философия ғылымдарының докторы Тұрсын Ғабиотов, сондай-ақ Adalkitap баспасы және университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, студенттері мен түлектері белсенділік танытып, кітапхана қорына өз үлестерін қосты.
Сыйға тартылған басылымдардың қатарында ғылыми зерттеулер, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, көркем әдебиет, танымдық еңбектер, құнды басылымдар мен авторлық қолжазбалар бар. Қабылданған материалдар кітапхананың тақырыптық және типологиялық профиліне сәйкес, сондай-ақ олардың ғылыми, тарихи және көркемдік құндылығы ескеріле, іріктеледі.
Аталған акция кітапхана мен оқырман қауым арасындағы рухани байланысты нығайтып, білімге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етті. Кітап сыйлау – тек игі дәстүр ғана емес, болашақ ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам, рухани қазынаны толықтыруға қосылған қомақты үлес.