Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінде қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына орай «Күй анасы – Дина» атты танымдық-музыкалық іс-шара ұйымдастырылды. Шараға ПК-103 және ИСК-115 тобының білім алушылары қатысты.
Іс-шараны Бас кітапханашы-менеджер Кожабекова Алия Муратовна мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Алтын Шакержанқызы бірлесіп ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – қазақ күй өнерінің аса көрнекті өкілі Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық музыкалық мәдениетті дәріптеу және жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыру.
Кеш барысында қатысушыларға күйшінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы таныстырылып, күйлерінің шығу тарихы баяндалды. Сонымен қатар Динаның күйлері домбыра аспабында орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Іс-шара аясында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнеріне арналған «Елтұтқа», «Тарихи тұлғалар», «Күйші Дина», «Дина күйші», «Әсемқоңыр» жинақтары ұсынылды.
Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі күй өнері мен аспаптық музыка тарихын қамтитын «Қазақтың әйгілі күйшілері. IX–XX ғасырлар», «Бабалар сөзі. Күй аңыздары», «Қазақ күйлерінің тарихы», «Қазақтың аспаптық музыкасы: күйден симфонияға дейін», «Сазсырнай аспабына арналған хрестоматия», «Ұлы даланың көне сарындары: Аспаптық көне сарындар, дәстүрлі күй өнері», «Добрая моя мама», «Дина», «История казахской инструментальной музыки ХХ века» атты еңбектер қойылды.
Аталған іс-шара білім алушылардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, күй өнерінің тағылымын тереңірек тануына мүмкіндік берді.