Профессор Кеңес Жұмановтың 90 жылдығына орай ҚазҰУ-да жаңа білім беру кеңістіктері ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физика-техникалық факультеті Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасында саналы ғұмырын физика білімін дамытуға арнаған көрнекті ғалым, профессор Кеңес Жұманов 90 жылдық мерейтойына орай дәріс залы мен оқу зертханасының ашылуы өтті.

Кеңес Жұманов 1954-1959 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінде білім алып, еңбек жолын осы оқу орнында оптика және плазма физикасы саласында бастады. Ғалым 50-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде оқулықтар, электрондық оқу құралдары бар. Оның ғылыми-педагогикалық мұрасы – отандық физика ғылымы мен жоғары білімнің дамуына қосылған елеулі үлес.

Салтанатты шараға ҚазҰУ Басқарма мүшесі — ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, физика-техникалық факультетінің профессорлары мен оқытушылары, Қазақстан физикалық қоғамының өкілдері, профессор Кеңес Жұманов және студенттер қатысты. Осыған орай әл-Фараби кітапханасының қорынан кітап көрмесі дайындалды. Көрмеге ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері, оның ішінде оқулықтар, оқу құралдары және мақалалар қойылды.

Іс-шара аясында жаңартылған дәрісханалар, «Атомдық физика және нанотехнологиялар» оқу зертханасы, сондай-ақ студенттерге арналған заманауи коворкинг аймағы таныстырылды. Оқу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің таныстырылымын физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен өткізді.

Яндекс.Метрика