Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да III халықаралық «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты конференциясы аясында «Дүйсембек Қабыланбайұлы мұрасы: дәуірлер арасындағы көпір» тақырыбында ғылыми-танымдық семинар өтті.
Іс-шараны ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов ашып, Дүйсембек Қабыланбайұлының түркологиядағы маңызын атап өтті. Ол жобаның түркі әлемінің рухани мұрасын жаңғыртудағы рөлін және сирек қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізудің өзектілігін айтты.
Семинар барысында екіжақты келісімге қол қойылып, Бақытжан Дүйсембековке ҚазҰУ Фараби кітапханасына 431 сирек кітап пен қолжазба (231 араб, 38 парсы, 162 шағатай тілінде) табыстағаны үшін, «Фараби» алтын медалімен марапатталды.
Іс-шараның мақсаттарының бірі – дәуірлер арасындағы көпір ретінде қызмет етіп, сирек қолжазбалар мен кітаптардың зерттелуі мен ғылыми айналымға енуіне жол ашу. Сондай ақ семинар аясында кітапхана директоры Жадыра Айдынғалиевна баяндама жасады.
Бұл жобаның негізгі жетістіктерінің бірі – сирек кітаптарды университеттің ғылыми айналымына жүйелі енгізу және реставрация мен консервация лабораториясын құру бойынша жол картасын әзірлеу. «Ғылым ордасы» ғылыми-зерттеу орталығы және Қолжазбалар мен рухани мұра орталығының ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатылды. Университеттің өндірістік-техникалық базасы, оның ішінде жиһаз өндірісі мен техникалық қызметтер лабораторияны жабдықтауға белсене қатысуда. Бұл бастаманың тағы бір маңызды нәтижесі – ғылыми жетістіктердің жас зерттеушілердің еңбектерінде көрініс табуы. PhD докторанттары мен студенттер сирек кітаптар негізінде транскрипция, грамматикалық талдау және салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, нәтижелерін шетелдік ғылыми журналдарда жариялап келеді.