Абай күніне орай халықаралық ғылыми-практикалық мәжіліс өтті

Әл-Фараби атындағы кітапханада 10 тамыз – Абай күніне және ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы» халықаралық ғылыми-практикалық мәжілісі өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Фараби кітапханасымен бірлесе отырып әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Абай күніне орай «АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өткізді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 10 тамыз – Абай күніне және ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті. Алқалы жиынға отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, ғылыми-зерттеу институт өкілдері, ЖОО докторанттары мен магистранттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған кітап көрмесінен бастау алды.

Мәжілісті оқу ордасының Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов ашып, Абайдың рухани мұрасының маңыздылығы мен университет қабырғасында атқарылып жатқан ғылыми-мәдени іс-шараларға тоқталды. Проректор университет биылғы мерейтойға тыңғылықты дайындықпен келіп, бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырғанын атап өтті.

Сонымен қатар абайтану саласында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері жайлы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев кеңінен баяндады. Профессор ақынның рухани, тарихи және әдеби мұрасының маңызын терең талдай келе, Абайдың 180 жылдығы аясында дайындалған жаңа басылымдармен таныстырды. «Институттың ғылыми қызметінің нәтижесінде бірқатар басылымдар «Қазақ университеті» баспасынан жарық көріп, оқырманға жол тартты. Олар: «Адамзаттың Абайы» ғылыми монографиясы, «Абай институты» ғылыми-ақпараттық жинағы және «Абай және Тәкен» зерттеу еңбегі», – деді абайтанушы. Жиында аталған басылымдар қатарында Жанғара Дәдебаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегінің де тұсауы кесілді.

Кітапхана директоры Жадыра Айдынғалиевна мәжіліс барысында сөз сөйлеп, Абай мұрасының рухани құндылығын, жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

Яндекс.Метрика