«Аманжолов оқулары 2025» ІІ Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы

Әл-Фараби кітапханасында «Аманжолов оқулары 2025» ІІ Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
2025 жылдың 14 мамырында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты және Әл-Фараби кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті түркітанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловқа арналған «Аманжолов оқулары – 2025» атты II Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференция мақсаты – көне қолжазбалар мен сирек басылымдарды сақтау, ғылыми тұрғыда зерделеу, түркі дүниесінің бай мұрасын оқу және сараптау арқылы түркітану ғылымын дамыту мәселелеріне назар аудару. Сонымен қатар, ғылым тарихнамасына, белгілі ғалымдардың ғылыми мұрасына, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың еңбектерін зерттеу бағыттарына басымдық берілді.

Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, филология ғылымдарының докторы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Дусмамат Құлмаматов (Өзбекстан, Ташкент қ.), Филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова, Филология ғылымдарының докторы, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова, Әл-Фараби кітапханасының директоры Жадыра Арекенова және басқалар баяндама жасады.

Іс-шара аясында «Аманжолов оқулары 2024» атты жинақ кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жинақта былтыр алғаш өткен конференцияда жасалған ғылыми баяндамалар топтастырылып, түркітану ғылымының қазіргі жағдайы мен даму бағыттары жан-жақты қамтылған.

Әрі қарай конференция жұмысы секциялық жиындармен жалғасты. Онда қатысушылар түркітану, кітапханатану, тарихи мәтіндерді оқу мен өңдеу, сонымен қатар профессор Аманжоловтың ғылыми мұрасы аясындағы зерттеу бағыттарын талқылап, тың ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.

«Аманжолов оқулары» конференциясы – түркі әлемін ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған маңызды алаң. Ол жас ғалымдардың зерттеулерін ілгерілетуге, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және түркі дүниесінің рухани-мәдени мұрасын сақтау мен танымал етуге бағытталған.

Яндекс.Метрика