Әл-Фараби кітапханасында жас түркітанушылар мен білім алып жатқан жастарға арналған «Neotürk: ғасырлар мен технологиялар тоғысында» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
ҚазҰУ мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры бірлесе ұйымдастырған іс-шара түркі халықтарының тілі, тарихы мен мәдениетін зерттеу саласына жас ғалымдарды жұмылдыруға бағытталған.
Ауқымды жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Ақтоты Райымқұлова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі кеңесшісі Айхан Коркмаз, шетелден келген ғалым-сарапшылар, ҒЗИ басшылары, жас зерттеушілер мен студенттер жиналды.
Сонымен қатар осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Жалпы алғанда, көрмеге кітапхана қорынан 150-ден астам кітап пен мерзімді басылымдар қойылды.
Көрменің негізгі мақсаты – түркітану саласындағы жаңа ғылыми зерттеулер мен заманауи әдіс-тәсілдерді таныстыру, сондай-ақ ғылыми инновациялар мен технологиялардың түркітану ғылымының дамуына тигізіп жатқан ықпалын көрсету.
Бұл көрме жас түркітанушылар мен түркі әлемінің тарихына, мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне қызығушылық танытқан жастарды осы саланың қазіргі заманғы зерттеу бағыттарымен таныстыруды көздейді. Сонымен қатар, көрме жас зерттеушілерді ғылымға баулуға, олардың ғылыми ізденісін қолдауға және болашақта түркітану ғылымының дамуына үлес қосуға ынталандыруды мақсат етеді.
Ғылыми конференция аясында белгілі түркітанушы-ғалымдардың мотивациялық дәрістері өтті. Конференция қатысушылары «Түркі жазба ескерткіштері: мәтінтану және аударма мәселелері бөлімі», «Асқар Құрмашұлы Егеубаев – орта ғасыр ескерткіштерін зерттеуші», «Түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасы ғасырлар тоғысында», «Махмұд Қашғари және түркі әлемі», «Түркия және жаһандық үдерістер: тіл, тарих және мәдениет» тақырыптарында өткен панельдік сессиялардың жұмысына қатысты.