14 наурыз — Көрісу күні

Бүгін, 14 наурызда Қазақстанда Наурызнамның жалпыұлттық онкүндігі басталды. Бұл 2024 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы. Наурызнама 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Онкүндіктің әр күні қазақстандық мәдениет пен құндылықтардың маңызды аспектілерін тақырыптық түрде көрсететін болады: «Көрісу», «Қайырымдық», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», «Жаңару», «Ұлттық спорт», «Ынтымақ», «Жыл басы» және «Тазару».

Наурызнамның алғашқы күні – Көрісу-Амал күнін Әл-Фараби кітапханасы оқырмандарымен бірге атап өтті. Бұл күні кітапхана қызметкерлері өз оқырмандары мен қонақтарын құттықтап, ізгі тілектерімен қарсы алды. Студенттер мен қонақтарға наурыз көже және бауырсақ, құрт, жент және т. б. сияқты ұлттық тағамдар ұсынылды. Кітапханашы-менеджерлер оқырмандарға Көрісу күнінің тарихы туралы айтып берді. Ежелгі есептеулер бойынша, 14 наурыз жаңа ай, жылдың басы саналады. Ежелден халық бұл күні бір-біріне қонаққа барып, қысты аман-есен өткізгеніне қуанып, бір-бірін көктемнің келуімен, жаңа жылдың басталуымен құттықтаған.

Кітапханшылар оқырмандарға, соның ішінде шетелдік студенттерге Көрісу күнінің тарихы мен қатар Наурыз көженің құрамын, жасалуы туралы айтып жастардың танымдық көкжиегін кеңейтті. Осылайша «Көрісу» күні , ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, оқырмандар мен әл-Фараби атындағы кітапхана қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту күні болды.

Яндекс.Метрика