Әл-Фараби кітапханасына Өзбекістан Республикасы кітапханаларынан келген қонақтарға кітапхана директоры Арекенова Жадыра Айдангалиевна кітапхана қызметімен жан-жақты таныстырып шықты. Кітапхана мамандарының қызметін жоғары бағалаған қонақтар, атап айтқанда, Пирмедова Хайтгуль — Ташкент мемлекеттік заң университетінің (TSUL) ақпараттық-ресурстық орталығының директоры, Мирходжаева Наргиза — Бизнес және ғылым университетінің (UBC) ақпараттық-ресурстық орталығының директоры, Рузиева Шахноза — Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ақпараттық-ресурстық орталығының 1 санатты кітапханашысы, Бокиева Гулноза — ТМТУ жанындағы академиялық лицейдің ақпараттық-ресурстық орталығының жетекші маманы және Хожикулова Гулнора — ТМУ жанындағы академиялық лицейдің ақпараттық-ресурстық орталығының кітапханашысы кітапханамыздың заманауи құрылымдары мен ыңғайлы қызметтеріне таңқалыстарын жасыра алмады.
Олар кітапхананың кең және жайлы оқу залдары, сандық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндіктері, ғылыми зерттеулер мен білім алушылар үшін ұйымдастырылған арнайы қызметтер туралы оң пікірлерін білдірді. Өзбекстандық кітапхана мамандары Әл-Фараби кітапханасының білім беру мен ғылыми қызметті қолдаудағы рөлі жоғары екенін атап өтіп, кітапхананың сандық технологияларды тиімді пайдалануындағы жетістіктерін ерекше бағалады. Сонымен қатар, олар екі ел арасындағы кітапхана саласындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың маңыздылығын айтып, мұндай кездесулер білім мен мәдениет саласында жаңа мүмкіндіктер туғызатынын, сондай-ақ халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуды кеңейту қажеттігін білдірді.
Келген қонақтар кітапхана қызметкерлерімен де танысып, олардың кәсіби деңгейін жоғары бағалады. Өзара тәжірибе алмасу барысында болашақтағы ынтымақтастық туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылып, екі жақты жобаларды іске асыруға қатысты идеялар талқыланды. Кітапхана мен университеттер арасындағы байланыс нығайып, білім беру мен ақпараттық-ресурстық қызметтер саласында жаңа бастамалар мен бірлескен жобалар қолға алынуы мүмкін.
Жарияланған күні: 07 февраля 2025