Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай «Абай ілімі және ХХІ ғасыр» атты ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті.
Абай ғылыми-зерттеу институты ойшыл ақынның еңбектерін және абайтану бойынша зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстарды атқарып келеді. Мәжіліске қазақстандық әдебиеттанушылар, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар және БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісте Абай ғылыми-зерттеу институтында абайтану ғылымы саласында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері таныстырылды, алдағы міндеттер бағдарланды.
Институт құрылғаннан бері Әл-Фараби атындағы кітапхана онымен бірлесе жұмыс істеп келеді. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Абай институты дайындаған 10 томдық «Абайтану антологиясы», 50 томдық «Абайтану. Таңдамалы еңбектері» сандық форматқа көшіріліп, «Абайтану антологиясы» интеллектуалдық е-ресурстар базасы құрылып, кітапхана сайтына орналыстырылды. Абай шығармаларының электронды нұсқасын классикалық оқу залында орналасқан «Электрондық сөреден» және абонементтегі қабырға стендінен оқырмандардың QR-код арқылы мобильді құрылғыларына жүктеп алып оқуына мүмкіндік жасалды. Кітапхана директоры Ж.А. Арекенова осы жұмыстарды және Абай институты дайындаған «ҚазҰУ ғалымдары дәрістерінің алтын қорын» кітапхана сайтына орналастыру сияқты басқа да бірлесе атқарылып жатқан іс-шараларды құттықтау сөзінде атап өтті. Ж.А. Арекенова Абай ҒЗИ жұмысына шығармашылық табыс, ғылыми жетістіктер тілей отырып, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, қолөнер шебері Гүлназым Өмірзаққызының қазақ салт-дәстүрлері мен ұлттық болмысы бейнеленген «Ғажап өмір» авторлық этнокартинасын кітапхана ұжымы атынан сыйға тартты.
Сондай-ақ іс-шараға Әл-Фараби кітапханасы Абай ғылыми-зерттеу институты шығарған еңбектерден кітап көрмесін қойылды.