ҚазҰУ ғалымдары дәрістерінің алтын қоры

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасының «ҚазҰУ ғалымдары дәрістерінің алтын қоры» атты бірлескен жобасы.

«ҚазҰУ ғалымдары дәрістерінің АЛТЫН ҚОРЫ» жобасында сіздердің назарларыңызға Қазақ ұлттық университетінің көрнекті ғалымдарының бейнедәрістері ұсынылады.

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында университет тарихына қайта көз жүгіртіп өтер болсақ, ҚазҰУ-дың барлық факультеттерінде жарты ғасырдан астам тарихы, ғылыми дәстүрі бар, түрлі ғылыми бағыттар мен үрдістерді қамтитын бірегей ғылыми-педагогикалық мектептер және олардың іргесін қалаған ғалымдар бар деп ауыз толтырып айтуға болады.

Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы «ҚазҰУ ғалымдары дәрістерінің АЛТЫН ҚОРЫ» атты бірлескен жобаны бастап отыр. Жобаның мақсаты – Қазақ ұлттық университетінің ардагер-ұстаздарының бейнедәрістерін Абай ҒЗИ мен ҚазҰУ кітапханасының ресми сайтында жариялау арқылы ғылым мен ғалымның өнегесі мен тәлім-тәжірибесін насихаттау, ғылыми-педагогикалық сабақтастықты жалғастыру.

Ғылыми мектептердің негізін салған ғалымдар және олардың ізденістері ұлттық университеттің ғана емес, жалпы тәуелсіз қазақ елінің дербес ғылымының қалыптасуына негіз болды. Ғылыми мектептер тарихы туралы айтқанда ең алдымен көңілімізде құрмет сезімін оятып, жылылық ұялататын үлкен тұлғалар – ғылыми танымы терең, ғалымдардың талай буынына үлгі болған, ғылымның әр саласында түрлі ғылыми бағыттардың қалыптасуына жол салған, өздері қызмет еткен факультетті университеттің ғылыми лабораториясына айналдыра алған ұстаз-ғалымдарымыз еске түседі. Білікті де білімді ғалымдарымыздың дәрісі мен сабағы ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың әрқайсысының ұлттық университетте қалыптастырған өз мектебі бар және бұл ғылыми-зерттеу мектептері тәуелсіздік жылдарында да жалғасын тауып, маңызы арта түсті. ҚазҰУ факультеттерінде қалыптасқан іргелі ғылыми-зерттеу мектептерінің дәстүрі әлі де жалғасуда, олардың тәжірибесі мен тәлімі әлі талай ғылыми бағыттардың дамуына негіз болады. Туған университетіміздің 90 жылдық торқалы тойына ғылыми мектептердің қай-қайсысы да заманауи тұрғыдағы ауқымды нәтижелерімен үлес қосып отыр.

Ендеше, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-танымдық дәрістерін тыңдап, өзіңізге рухани-ғылыми сабақ алыңыз, құрметті оқырман!

Әзілхан Нұршайықов туралы сөз /
Академик-әдебиетші Тұрсынбек Кәкішұлы
Мүсірепов туралы сөз / Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың дәрісі

Мардан – Тұрмағамбет мұрасының іздеушісі / Академик-әдебиетші Тұрсынбек Кәкішұлының баяндамасы

Яндекс.Метрика