«Кітапханаға кітап сыйла» акциясысы өтті

2024 жылдың 15-16 ақпанында Әл-Фараби атындағы кітапханада Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған «Кітапханаға кітап сыйла» іс-шарасы өтті. Акция аясында университеттің студенттері, қызметкерлері, түлектері, профессор-оқытушылар құрамы білім мен ғылымның түрлі салалары бойынша көптеген кітаптарды сыйға тартты. Атап айтсақ, механика-математика факультетінің аға кураторы, оқытушы Б.Х. Әбенов өзінің жыр жинағын және университет түлегі, журналист, ақын Н.Қуантайұлының кітаптарын сыйға тартты. Филол.ғ.д., филология факультетінің профессоры Н.Ж. Шаймерденова өзінің жеке кітапханасынан бірнеше кітапты сыйға тартты, олардың ішінде Ресей Ғылым академиясы шығарған «Қазақтар» атты  құнды басылым да бар.

Кітапхана қорына «Батырлар жыры», «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» сияқты керемет көптомдық басылымдарды және басқа да көптеген оқу және көркем әдебиетті филол. ғ. к, филология факультетінің доценті С.Дәрібайұлы сыйға тартты. Бегалиевтер отбасы – Нариман Қалаушаұлы мен Сәуле Баязқызы «Прокурор. Ғалым. Педагог» атты прокуратура және білім беру жүйесіне өлшеусіз үлес қосқан белгілі заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылым және білім беру ісінің үздігі Қ.Бегалиевке арналған кітаптарын сыйлады

Кітапхана қызметкерлері А.Жаманкөзева мен А.Рүстемов те жеке кітапханаларынан танымал психология мен медицинаға қатысты кітаптарды сыйға тартып, қорды толықтыруға өз үлестерін қосты.

Акцияға кітапхананың тұрақты пайдаланушылары – университет студенттері де қатысты. Мәселен, механика-математика факультетінің магистранты Юань Бейбэй кітапханаға қытай тіліндегі жоғары математика бойынша оқулықтарын сыйға тартты.

Оқырмандарымыз, университет қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы, кітап авторлары сыйға тартқан кітаптар әл-Фараби атындағы кітапхананың оқу, ғылыми және көркем әдебиет қорын толықтырып, өз оқырмандарын табатынына сенімдіміз.

Яндекс.Метрика