Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығын мерекелеудің салтанатты ашылуы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында білім ордасының 90 жылдығына орай, мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті.

Мерейтойлық жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министріДархан Ахмед-Заки, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері мен түлектері, оқытушылар, білім алушы жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Құрметті қонақтар үшін университет тарихына арналған сирек фотосуреттер мен кітаптардың, ардагер оқытушылар портреттерінің көрмелері, сондай-ақ университеттің 90 жылдығына арналған ғылыми еңбектер мен тарихи кітаптардың экспозициясы ұсынылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы мен қызметі туралы деректі фильм көрсетілді.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: кітапхананың қорында жиналған университет тарихы, әл-Фараби еңбектері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туралы басылымдармен оқырмандарды және барша қауымды таныстыру.

Әл-Фараби кітапханасы университеттің 90 жылдық мерейтойын атап өту аясында кітапхана қорындағы университетке қатысты құнды кітаптарды көпшілік назарына ұсыну мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арнап кітап көрмесін ұсынады. Университет кітапханасының бай қоры ұлтымыздың қара шаңырағын биіктеткен ғылым бастауы екені анық. Сондықтан бұл көрме университет тарихы ғана емес, сонымен қатар еліміздің тарихының бір парағы ретінде барша қауымға ұсынылып отыр.

Көрме бөлімдері:

  • Әл-Фараби еңбектерінің жаңа басылымдары
  • Университет тарихы
  • Университеттің даму бағыттары
  • Farabi university – 90
  • ҚазҰУ факультеттері

Әл-Фараби еңбектерінің жаңа басылымдары. Көрмені әл-Фараби еңбектері ашады. Оқырман қауымға әл-Фарабидің «Таңдамалы трактаттары», «Музыка туралы үлкен кітап», «Қайырымды қала. Музыка туралы кітап: әлеуметтік-этикалық трактаттар» және басқа да еңбектері ұсынылды.

Университет тарихы. Бұл бөлім университет тарихы туралы кітаптарға арналған. Көпшілік қауымға «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – болашақтың университеті = Казахский национальный университет имени аль-Фараби – университет будущего» жинағы, жалпы ред. басқ. Б. Жұмағұлов, «Біздің Элита» кітабы, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті = Казахский национальный университет им. аль-Фараби» басылымы, бас ред. Ж. Қ. Түймебаев, «Летопись Казахского национального университета имени аль-Фараби» төрт томдық жинағы және тағы басқа да университет тарихы туралы басылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Университеттің даму бағыттары. Көрменің бұл бөлімінде Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының ең үздік инновациялық жобалары енген, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «ҚазҰУ-дың инновациялық жобалары», «Инновационные проекты КазНУ», «Innovative projects of KazNU атты ғылыми-танымдық еңбектері, университеттің даму бағыттарының көрсеткіштерін айқындайтын «Айшықты оқиғалар-2021-Знаковые события», «Айшықты оқиғалар-2022-Знаковые события» кітаптары, университетке қатысты кітаптарды көруге болады, соның ішінде «Казахский государственный университет = Қазақ мемлекеттік университеті» фотоальбомы және Scopus ғылыми журналдар дерекқорына енген «Physical sciences and technology», «International Journal of Mathematics and Physics», «International Journal of Biology and Chemistry», «Journal of Interdisciplinary Approaches to Medicine» ҚазҰУ шығаратын журналдар қойылған.

Farabi university – 90. Көрменің бұл бөлімінде ҚазҰУ ғалымдарының соңғы жылдары шыққан құнды еңбектері қойылған, соның ішінде Жақыпбек Алтаевтың «Ислам әлемі ойшылдары» сериясымен шыққан «Әл Фараби» кітабы, Жақан Молдабековтың «Қазақтану» оқу құралы, «Түрік философиясы антологиясы», 1 том: «Исламға дейінгі түрік философиясы» антологиясын көруге болады.

ҚазҰУ факультеттері. Көрменің ҚазҰУ факультеттеріне арналған бөлімінде әр факультет шығаратын «ҚазҰУ хабаршысы» журналдары қойылған. Соның ішінде «ҚазҰУ хабаршысы. Биология сериясы = Experimental Biology. Biology series. – 2023. – № 3(96) және басқа сериялары қойылған.

Фото: Маrabeyy

Яндекс.Метрика