«Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығы

Әл-Фараби кітапханасында «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған «Media University» студенттік Сapstone іс-шарасы өтті.

«Qazaq universiteti» газеті 1948 жылдан бері шығып келеді. Негізгі бағыты – университеттің мәдени-көпшілік орындарында және факультеттерінде өтіп жатқан басты-басты жаңалықтармен, оқу-әдістемелік жұмыстарына арналған әртүрлі іс-шаралармен, сондай-ақ, қоғамдық-саяси, тәлім-тәрбиелік маңызы жоғары атқарылып жатқан іс-әрекеттермен оқу-орын қызметкерлерін, ұстаздар мен студенттер қауымын таныстырып отыруға бағытталған.

Осы іс-шараға орай Әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрмеге әл-Фараби кітапханасыңың қорында 1959 жылдан бастап жинақталған газеттері қойылды. Сондай-ақ кітапахана сайтына қордағы жинақталған «Қазақ университеті» газетінің электронды нұсқасы жүктелген.

Газеттің ең басты мақсаты – университеттегі қызметкерлерді, оқытушылар мен студенттерді ғылыми, қоғамдық, мәдени жаңалықтармен, факультеттерде өткен шаралармен, көркем шығармашылықтағы табыстарымен, университеттің тыныс тіршілігімен, болып жатқан жаңалықтармен таныстыру. Сонымен қатар университеттегі жазуға бейімі бар студенттердің шығармашылығын арттыру.

«Қазақ университеті» газеті негізінен студенттерге арналып, ізденушілердің көмегімен жарық көрген басылым – бүгінгі көптеген қаламгерлер үшін нағыз журналистиканың мектебі болды. Жетпіс бес жылдан асқан тарихында университеттік басылым дамыды, өзгерді, кемелденді. Бүгінде ол республика көлемінде тарайды. Газеттің республикалық мәртебесі редакциялық алқа мүшлеріне оқырмандарымен тығыз байланыста болуға, газет материалдарының мазмұндық деңгейі мен көркемдік безендіруін көтеру міндетін алға қояды. Газеттің сыртқы беті 2007 жылдың наурызынан бастап түрлі-түсті болып жарық көруде

Басылымда жастарға арналған «Рух», «Жалын», «Кафедра», «Алаштан қалған асыл сөз», «Тұғыр», т.б. айдарлар аясында қалам ұстаған студенттердің шығармашылығы жарияланып отырады. Сонымен қатар «ҚазҰУ қыраны», «ҚазҰУ қызғалдағы» деген өзгеше айдарлар жұмыс істейді. Онда университеттің үздік студенттерінің ғылым мен білімдегі, спорттағы, қоғамдық жұмыстардағы жеткен жетістіктері баяндалады. Ал 2011 жылдан бастап апта сайын жарық көреді.

Яндекс.Метрика