Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясы, этнологиясы және музеологиясының өзекті мәселелері

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым-ұстаз, археолог, этнограф Әбдеш Төлеубаевтың 70 жылдығына арналған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясы, этнологиясы және музеологиясының өзекті мәселелері: жаңа тұжырымдар мен нәтижелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға белгілі ғалымдар мен академиктер, тарихшылар, этнологтар, археологтар, музейтанушы ғалымдар мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, Әбдеш Төлеубаевтың туыстары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттыру, қонақтардың шығармашылық ойлары мен жаңаша идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету. Көрнекті қайраткер, тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеуовтың білім жолында қосқан үлесін таныстыру.

Көрме бөлімдері:

  • «Ғибратты ғұмыр иесі»
  • «Бар ғұмырын халқына арнаған адал тұлға»
  • «Тарих ғылымында өшпес таңба қалдырған ғалым»

Ғибратты ғұмыр иесі. Белгілі этнолог-археолог Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев өнер ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Зайсан өңірі, Шілікті жазығынан табылған «Шілікті алтын адамын» ашқан белгілі ғалым. Ең бастысы, ежелгі ерте темір дәуірінде-ақ қазіргі қазақ жерінде сақ мемлекеттілігінің қалыптасуын түбегейлі зерттеп, сақ мемлекеттілігі жөніндегі тұжырымдаманы қалыптастыруға, сақ тарихының қайта түлеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан өзіндік қолтаңбасы бар тарихшыларымыздың бірі.

Бар ғұмырын халқына арнаған адал тұлға. Әбдеш Төлеубаевтың негізгі еңбектері Қазақстанның ежелгі этномәдени тарихының археологиялық мәселелеріне, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі этнографиялық мәдениетіне арналған. Әбдеш Төлеубаев бір жағынан ежелгі, ортағасырлық тайпалар мен екінші жағынан қазақ халқы арасындағы мәдени-генетикалық байланысты қадағалайтын Қазақстанның алғашқы ғалым-тарихшыларының бірі болып табылады.

Тарих ғылымында өшпес таңба қалдырған ғалым. Профессор А. Төлеубаевтың білім беру үдерісіндегі инновациялық технологиясы оның оқыту әдістемесінің белсенді сипатында жатыр. Қазақстан археологтары мен этнографтарының орта және кіші буынының жартысынан астамын А.Төлеубаев ғылыми мектебі оқытып, тәрбиеледі. А. Төлеубаев 300-ден астам ғылыми мақаланың, 5 монографиямен 6, 10, 11-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы бойынша оқулықтардың авторы.

Яндекс.Метрика