Қансейіт Әбдезұлының 70 жылдық мерейтойы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қансейіт Әбдезұлы және қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, республикалық басылымдардың бас редакторлары, жазушының қаламдас әріптестері, белгілі ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: конференцияға қатысушыларды, студенттерді, магистранттарды кітапхана қорындағы Қансейіт Әбдезұлының кітаптарымен және журналистикаға қатысты кітаптармен таныстыру.

Көрме бөлімдері:

  • «Ғалым, ұстаз Қансейіт Әбдезұлы — 70 жаста»
  • «Көркемдік болмыстың білгірі»
  • «Талант пен таным биіктігі»

Қансейіт Әбдезұлы 1953 жылы 6 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, аспирантурасын, докторантурасын аяқтаған. Ұстаздық еңбек жолын осы университетте оқытушылық қызметтен бастап, кейін ҚР Ғылым және білім министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогтік институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы қызметтерін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды.
Жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі. Қазір әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының професоры.

1995 жылы «Рауан» баспасынан «Кейіпкер және тартыс», 2000 жылы «Санат» баспасынан «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы», 2001 жылы «Ғылым» баспасынан «Т.Әлімқұлов және 60–80 жж. қазақ әдебиеті» атты кітаптары, 2002–2003 жж. «Қазақ университеті» баспасынан «Әдебиет және өнер» атты зерттеуі, «Жазушы және заман шындығы» атты сын мақалалар жинағы, 2004–2008 жылдары «Қазығұрт» баспасынан «Тарих және тағдыр» атты кітабы, «Арыс» баспасынан «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» атты зерттеуі, «Қазығұрт» баспасынан «Таным көкжиегі» атты публицистикалық және сын мақалаларының таңдамалысы жарық көрді. 2006 жылы Ресей Ғылым Академиясының әдебиеттану ғылымы саласындағы М.Шолохов атындағы Алтын медалінің иегері, 2008 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағын иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының Құрметті азаматы.

Фотоны түсірген: Мarabeyy

Яндекс.Метрика