24 сәуірде Әл-Фараби атындағы кітапханада «IEEE басылымдарында жарияланатын мақалалар жазу», «Зерттеу университеттерінде АРС (article processing charge – мақаланы өңдеу ақысы) басқару және бөлу мәселелері»тақырыбында семинар-тренинг өтті.
IEEE Xplore цифрлық кітапханасы – инженерлік-техникалық пәндер үшін ең ірі ғылыми ресурс, ол осы саладағы барлық заманауи ғылыми әлемдік әдебиеттердің үштен бірін қамтиды.
Іс-шараға жас ғалымдар, университет оқытушылары, кітапхана қызметкерлері, магистранттар, докторанттар мен студенттер қатысты.
Семинарды Қазақстан Республикасындағы IEEE-дің уәкілетті өкілі Мұрат Жармұхаметов және онлайн форматта ғылыми ресурстар бойынша сарапшы, IEEE-дің Австриялық кеңсесінің клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджері Эстер Лукаш (Ester Lukacs) өткізді.
Семинар қатысушылары платформаның өз зерттеулеріне барынша пайдасы тиетін барлық озық құралдары мен функцияларымен танысты, IEEE-мен жұмыс істеу туралы көбірек білді және ғылыми жариялау дағдыларын арттырды.
Іс-шараны Әл-Фараби атындағы кітапхана мен Ғылыми кадрларды даярлау және аттестаттау басқармасы ұйымдастырды. Семинардың барлық қатысушыларына сертификаттар берілді.