Көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай Әл-Фараби кітапханасында «Қонаев музей-үйіндегі» сирек экспонаттардың көрмесі», Д. А. Қонаевтың 1954 жылы Қытайға барған сапары туралы «30 дней в народном Китае» атты кітабының 2-басылымының тұсаукесері өтті.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Шараға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмір жолымен, өзінің жазған кітаптарымен, сондай-ақ Д. А. Қонаевтың замандастарының, шәкірттерінің, журналистердің осы бір ұлы тұлға туралы жазған жұмыстарымен, жарияланымдарымен таныстыру.
Көрме 3 бөлімнен тұрады:
- Ғасыр данасы
- Бар ғұмырын халқына арнаған адал тұлға
- Қазақ даласындағы асқар тау
Ғасыр данасы. Көрменің 1-бөлімінде Д. А. Қонаевтың авторлығымен жазылған, өзі көрген советтік жүйе мен жоғары лауазымды тұлғаларға баға берген кітаптары, яғни естеліктері, сол заманғы халықаралық және ішкі саясат жайлы ой-пайымдары жарияланған еңбектер көрініс табады. Атап айтар болсақ: «Тың резервтері отанға қызмет етсін» (1979 ж.), «О моем времени : воспоминания» (2011 г.), «О моем времени» (1992 г.), «Қазақстан компартиясы орталық комитетінің Қазақстан коммунистік партиясының XIV съезіне есепті баяндамасы» (1976 ж.), «КПСС лениндік ұлт саясатының салтанаты» (1981 ж.), «Ленинская национальная политика КПСС в действии» (1981 г.), «От Сталина до Горбачева» (2012 г.), «30 дней в народном Китае» (1955 г.), «Ұлы тұлғамен өткен ұмытылмас күндер : М. Әуезов жайлы естелік-эссе» (1997 ж.), «Ақиқаттан аттауға болмайды» (1994 ж.), «От Сталина до Горбачева» (1994 г.) және т.б.
Бар ғұмырын халқына арнаған адал тұлға. Бұл бөлімде Д. А. Қонаев туралы жазылған еңбектер, естеліктер орын алған: «Кемеңгер Қонаев : естеліктер, эссе, өлеңдер» (2003 ж.), М. Шаханов «Қонаевпен сырласу» (2011 ж.), С. Еркінбайұлы «Әдептен озбайық…» (2021 ж.), С. Абдраимулы, А. Горяйнов «Личность. Воспоминания о Д. А. Кунаеве» (2007 г.), Ж. Жұманов «Қонаевтың Алкөлге соңғы сапары» (2011 ж.), М. Қалдыбай «Мың жыл аңсайды» (2012 ж.) және т.б.
Қазақ даласындағы асқар тау. Көрменің үшінші бөлімінде 80-ші жылдардың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаев Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне келіп, қалашық кешенінің құрылыс жоспарымен танысқаны жайлы деректер, осы тарихи сәтте түсірілген фотожәдігерлер, мерзімді басылымдарда жарияланған материалдар көрме келушілерінің назарына ұсынылды.
Көрменің оқырмандық бағыты: Шараға қатысушылар, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 60-қа жуық кітап, мерзімді басылымдар.