I Халықаралық Фараби форумы

Әл-Фараби кітапханасында философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен «Әл-Фараби және түркі халықтарының рухани дәстүрлері» атты халықаралық Фараби форумы өтті.

Әбу Насыр Әл-Фараби ғұлама ғалым, Түркі жұртының жарық жұлдызы. Ғұламаның отаны Қазақ жерінің оңтүстігіндегі Отырар қаласы.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Ө зінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 4 сәуір 2022 ж

Көрменің мақсаты: Қонақтарды, студенттер мен ОПҚ-ны кітапхана қорындағы әл-Фараби еңбектерімен және форум тақырыбына байланысты зерттеу жұмыстарымен таныстыру.

Көрме 4 бөлімнен тұрады

  • «Әл-Фараби және түркі әлемі»
  • «Әл-Фарабидің еңбектері»
  • «Уақыт пен кеңістік аясындағы фарабитану»
  • «Халықаралық Фараби форумдарының материалдары»

«Әл-Фараби және түркі әлемі».Көрмені форумның тақырыбына сәйкес әл-Фараби дәуірінен бастап осы күнге дейінгі түркі-парсы ғұламаларының – философ, ақын, ғалымдарының еңбектері және олар туралы зерттеулерге арналған кітаптар ашады. Атап айтқанда, әл-Фараби, әл-Хорезми, Яссауи, Баласағұн, Қашқари, Йугінеки, Абай, Шәкәрім және т.б. ойшылдардың кітаптары қойылды.

«Әл-Фарабидің еңбектері». Көрменің бұл бөлімінде кітапхана қорында сақталған ХХ-шы ғасырда басылып шыққан трактаттары ұсынылды. Оның ішінде Әл-Фараби «Әлеуметтік–этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», «Қайырымды қала» және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Он томдық шығармалар жинағы» да көрмеде өз орнын тапты. Сонымен қатар әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Қазақ университеті», «RS» баспа үйлерінен шығарылған әл-Фарабидің көп томдық еңбектері қойылды.

«Уақыт пен кеңістік аясындағы фарабитану». Көрменің бұл бөлімінде Әл-Фарабиге арналған биобиблиографиялық көрсеткіштер хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Сонымен қатар «Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы. Аль–Фараби – великий мыслитель Востока» жинағы, «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» монографиясы, «Әбу Насыр Әл-Фараби» энциклопедиясы көпшілік назарына ұсынылды.Әл-Фараби мұрасын зерттеу сөз болғанда ең алдымен есімізге Ақжан Машани түсері сөзсіз. А. Машановтың «Әл-Фараби: 870–1970: тарихи–деректі кітап», «Әл-Фараби және Абай» кітаптары. Сонымен қатар А. Көбесовтың «Әл-Фараби», «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда» зерттеу еңбегі және т.б. кітаптары қойылған.

«Халықаралық Фараби форумдарының материалдары». Көрменің соңғы бөлімінде әр жылдары университте және басқа оқу орындарында өткізлген Халықаралық Фараби оқулары аясындағы түрлі конференция, симпозиум, форум материал жинақтары қойылды.

Көрменің оқырмандық бағыты: Университетке іс-шараға жиналған әлеуметтанушы қауым, кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері т.б.

Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы кітаптар таныстырылды.

Яндекс.Метрика