2025 жылдың 4-ші жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, драматург, сыншы, әдебиеттанушы, ұстаз, көптеген көркем және ғылыми еңбектердің авторы Айзат Рақышпен тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, мәдениеттанушы Болат Әбенов жүргізіп, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық бағыты, жарық көрген кітаптарының идеялық мәні жайында мазмұнды әңгіме өрбітті. Кездесу барысында автор шығармаларының жазылу тарихына тоқталып, әдебиеттегі өз ұстанымдары мен шығармашылық ізденісі туралы ой бөлісті.
Кешке қатысқан студенттер мен оқырмандар жазушының кітаптарын алдын ала оқып келіп, мазмұнды әрі терең сұрақтар қойды. Өз кезегінде Айзат Рақыш белсенді оқырмандарға қолтаңбамен кітаптарын сыйға тартты. Шараға жиналғандар үшін бұл кездесу рухани әсерге толы шығармашылық диалогқа айналды.
Екі сағатқа созылған кеш көңілді әнмен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Іс-шараны Әл-Фараби кітапханасы мен Farab оқырмандар клубы бірлесе ұйымдастырды. Кітапхана алдағы уақытта да оқырмандармен кездесу, шығармашылық жүздесулерді жүйелі түрде өткізіп, рухани өмірді дамытуға ықпал етуді жалғастыра береді.