Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау.
Байқауға Алаш қозғалысы тақырыбында зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жұмыстарымен (эссе, мақала) қатыса алады.
Байқау жұмыстары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.
Байқау келесі үш номинация бойынша өткізіледі:
- Қазақ Республикасының 100 жылдығы: Алаш автономиясының Қазақ (Қырғыз) АКСР-іне ұласуы.
Тақырыптық бағыттар:
- Алаш қайраткерлерінің замануи қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы және Қазақ Республикасын құрудағы рөлі;
- Алашорда мүшелерінің ҚАКСР мемлекеттік органдарын, білім мен мәдениет, экономика мен өнеркәсіп мекемелерін құрудағы және қалыптастырудағы рөлі;
- Алаш және демократиялық құндылықтар;
- Алаш және декоммунизация мәселелері.
- Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы: ұлы ақынның шығармашылығын танытудағы Алаш қайраткерлерінің еңбегі.
Тақырыптық бағыттар:
- Алаш қайраткерлерінің Абай шығармалары мен феноменін жұртшылыққа танытудағы рөлі;
- Абай және ұлтты ағарту;
- М.Әуезовтің «Абай жолы» романында Алаш құндылықтарының көрініс табуы;
- Алаш құндылықтары мен Абайдың «Қара сөздерінің» өзара байланысы.
- Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар».
Тақырыптық бағыттар;
- Алаш қозғалысы тарихынан және Алашорда көсемдері өмірінен тың деректер;
- Қазақстанның әртүрлі аймағындағы белгісіз Алаш қаһармандары.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
1-кезеңде Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді. Әр номинация бойынша үздік 10 (барлығы – 30) жұмыс екінші кезеңге жіберіледі.
2-кезеңде үздік 30 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен пікірталасқа түседі. Сұрақ-жауап және талқылау түрінде болатын бұл кезең «Ақ жол» ҚДП белгілеген қалада өткізіліп, әр номинциядан үздік үш (барлығы 9) қатысушы ақтық сынға жолдама алады.
3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Байқау шарттары:
- Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады;
- Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы міндетті түрде қамтылуы тиіс;
- Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді;
- Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады;
- Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;
- Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды.
Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары:
Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан – 2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.
Қатысушы өтінішінің үлгісі:
Толық аты-жөні | |
Туған күні, айы, жылы | |
Тұрғылықты мекенжайы | |
Қызмет (оқу) орны | |
Ғылыми дәрежесі (бар болса) | |
Ұялы телефон нөмірі | |
Электронды поштасы | |
Номинациясы | |
Мақала (эссе) тақырыбы |
Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.
Байқауға ұсынылатын жұмыстар 2020 жылдың 15 қазанына дейін қабылданады.
Байқаудың жүлде қоры келесі тәртіп бойынша бөлінеді:
2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 9 қатысушыдан басқасына) 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.
Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі:
Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;
Екінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
Үшінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді.
Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» ҚДП тарапынан төленеді.
Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Астана қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru; akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады.