ҚазҰУ-да Қытай–Орталық Азия баспа орталығы ашылды

Әл-Фараби атындағы кітапханада «Жібек жолының кітап мәдениеті — өркениеттер диалогы» атты іс-шара аясында ҚазҰУ-да Қытай–Орталық Азия баспа орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шара Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

Салтанатты жиынға университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ж.Қ. Түймебаев, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю, Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Цай Вэй, сондай-ақ екі елдің ғылыми-академиялық қауымдастығының өкілдері қатысты. Қонақтар өз сөздерінде халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, жаңа орталықтың ғылым мен білім саласындағы ықпалдастықты дамытудағы рөліне ерекше тоқталды.

Іс-шара барысында Сиань Цзяотун университетінің өкілі Хань Юнцзюнь Әл-Фараби кітапханасының қорына 274 дана кітаптың табысталғаны туралы арнайы сертификатты табыс етті.

Аталған іс-шараға орай, Әл-Фараби кітапханасында тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме бірнеше бөлімнен тұрды:

  • «Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық»
  • «Қазақстандағы қытайтану»
  • «Аспанасты ел – Қытай»
  • «Көршілес елдің әдебиеті»
  • «Ғалымдарды біріктіру – табысқа апаратын жол»

Көрменің «Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық» бөлімінде екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың тарихы мен даму кезеңдеріне арналған еңбектер ұсынылды.

«Қазақстандағы қытайтану» бөлімінде қытай тілі, жазуы және тіл біліміне қатысты ғылыми әдебиеттер қойылды.

«Аспанасты ел – Қытай» бөлімінде Қытайдың тарихы, мәдениеті, әдебиеті және қазіргі даму бағыты туралы кітаптар таныстырылды.

Ал «Көршілес елдің әдебиеті» бөлімінде қытай тілінде жарық көрген көркем әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды.

Яндекс.Метрика