6 ақпанда филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым Ерхан Кәрібозовтың 50 жылдық мерейтойы аясында республикалық деңгейде «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мұрасын зерттеудегі өзекті мәселелер мен заманауи ғылыми парадигмалар» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.
Аталған ғылыми форумның негізгі мақсаты – Тұрмағамбет Ізтілеуұлының әдеби және мәдени мұрасын терең әрі жан-жақты зерделеу, оның шығармашылық мұрасын теориялық тұрғыдан бағалау, сондай-ақ қазіргі заманғы ғылыми парадигмалар негізінде қайта пайымдау болып табылады. Конференция барысында ұлттық классикалық әдебиетті зерттеудің әдіснамалық мәселелері, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларының көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері мен әдеби-тарихи маңызы кеңінен талқыланды.
Конференция аясында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығы мен әдебиеттану саласындағы зерттеулерге арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ғалымның ғылыми еңбектері, зерттеу мақалалары, оқу-әдістемелік құралдары, сондай-ақ энциклопедиялық және анықтамалық басылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Кітап көрмесі қатысушыларға әдеби мұраны жан-жақты зерделеуге, шығармалармен тікелей танысып, пікір алмасуға, ғылыми ізденістерге жаңа идеялар жинақтауға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде ғылыми талқылауларға деген қызығушылықты арттырып, конференцияның мәдени әрі практикалық маңызын айқындай түсті.
Ерхан Кәрібозовтың 50 жылдық мерейтойы аясында өткізілген ғылыми-теориялық конференция әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде саралауға, ұлттық классикалық мұраны заманауи ғылыми парадигмалар тұрғысынан зерттеудің жаңа бағыттарын айқындауға жол ашты. Сондай-ақ бұл ғылыми басқосу отандық филология ғылымының дамуына елеулі үлес қосып, жас зерттеушілер мен тәжірибелі ғалымдар арасындағы ғылыми сабақтастықты нығайтуға ықпал етті.