2 ақпан – Баспасөз күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ғасырлық тарихы бар, республикалық қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газетінің 105 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Мерейтой аясында әл-Фараби кітапханасының қорынан арнайы көрме дайындалып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге 1951, 1952, 1953 жылдардағы «Лениншіл жас», 1991 жылғы «Жас Алаш» газеттерінің кейбір сандары, сондай-ақ басылым тарихына арналған кітаптар қойылды.
Іс-шара барысында газетте әр жылдары қызмет еткен журналистер тарапынан әсерлі естеліктер айтылып, басылымның қазақ қоғамының қалыптасу жолындағы рөлі жан-жақты сараланды. Қатысушылар «Жас Алаштың» ұлттық ой-сана мен қоғамдық пікірді қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Газеттің алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрген. Ұйымдастырушысы әрі алғашқы бас редакторы – Ғани Мұратбаев. Жауапты хатшысы қызметін Ілияс Жансүгіров атқарған.
Тарихтың әр кезеңінде қаржылық қиындықтарға байланысты басылым әртүрлі атаумен шығып отырған. 1927 жылдың 22 қыркүйегінен бастап газет «Лениншіл жас» деген атпен жарық көрді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басылымға «Жас Алаш» атауы қайта берілді.
Жарияланған күні: 06 февраля 2026