Жақында Әл-Фараби кітапханасында университеттің «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырумен «Инклюзивті қарым-қатынас этикасын дамыту» тақырыбында іс-шара өтіп, оның аясында Қазақстан зағиптар қоғамы Әл-Фараби кітапханасына Брайль рельефті-нүктелі қарпімен басылған 5 атаулы 6 дана (270 түп дана) кітапты сыйға тартқан болатын.
2025 жылдың 17 қарашасында Әл-Фараби кітапханасында өткен семинарда «Қазақ соқырлар қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің «Жылы ұя» Мүгедектерді оңалту республикалық орталығының басшысы Г.Р. Балғожина Марракеш шарты мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымынан жобалық қаржыландыру мақсаттары шеңберінде университет кітапханасына көру бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолжетімді «аудиокітап» және «ірі қаріп» форматындағы 50 оқулық жүктелген, Easy Reader қосымшасы орнатылған 5 планшет табыстады. «Жылы ұя» орталығының маманы М. Жақыпов кітапханашыларға аталған форматтағы кітаптармен жұмыс істеу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету мүмкіндіктерімен таныстырды.
Көру бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған бұл жоба еліміз бойынша ең алғаш біздің университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқанын атап өту керек.
Аталған электрондық кітаптарды пайдалану бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер тарапынан әсерлері мен пікірлерін күтеміз.
Әл-Фараби кітапханасы инклюзивті ортаны дамыту, барлық санаттағы пайдаланушыларға білім мен ақпараттық ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.