Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, ұлттық көсемсөз өнерінің өкілі Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «М. Дулатұлы – ағартушы, қоғам қайраткері, ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаушылардың бірі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «AMANAT» партиясы, Жастар рухы ұйымы, Алматы облысының музейлер бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Халықаралық Қазақ тілі қоғамы және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Конференцияның басты мақсаты – қазақ халқының рухани жаңғыруына елеулі үлес қосқан Міржақып Дулатұлының ағартушылық, саяси және педагогикалық мұрасын жан-жақты зерттеу, насихаттау, сондай-ақ оның идеяларының қазіргі білім беру жүйесімен және ұлттық тәрбие тұжырымдамаларымен сабақтастығын ғылыми тұрғыдан талдау болды.
Осы іс-шараға Әл-Фараби кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі дайындалды. Көрмеге Міржақып Дулатұлының кітаптарымен қатар ол туралы кітаптар, энциклопедиялар, газеттер-журналдар қойылып, қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Конференция барысында Жастар рухы – «AMANAT» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты эссе байқауы мен «Ұлт руханиятының алтын тұғыры» атты постер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған арнайы төсбелгілер табысталды.
Осындай ғылыми-практикалық басқосулар жас ұрпақтың ұлттық тарихты терең меңгеруіне, рухани-мәдени тамырын дұрыс түсінуіне және ғылыми дүниетанымын кеңейтуіне зор мүмкіндік береді.