Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәуелсіздік күніне арналған «Үздік маман» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шараны ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы ұйымдастырды.
Дәстүрлі мерекелік шараға университет оқытушылары мен қызметкерлері жиналды.
Университет ұжымын Тәуелсіздік күнімен Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректордың м.а. Еркін Дүйсенов құттықтап, білім ордасының соңғы жылдардағы жетістіктерін атап өтті.
«Университет жетістіктері үлкен ұжымының, басқарушы персонал мен оқытушылар құрамы және ғылыми қызметкерлердің еңбегі. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің арқасында біздің университет бүкіл Орталық Азияда ғылым мен білімнің көшбасшысына айналды. Бүгін білім беру мен ғылыми-зерттеу саласында үздіксіз қызмет ететін университетіміздің озық қызметкерлері марапатталады», — деді Еркін Ерманұлы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Парасат» кәсіподағы ұйымдастырып отырған «Үздік маман – 2024» байқауының барлық талаптарына сай келген Әл-Фараби кітапханасының үздік кітапханашы атағын бас кітапханашы-менеджер Жаманкөзева Мақпал Аманкелдіқызы иеленді.
Мақпал Аманкелдіқызы 1994 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасына кітапханашы болып жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда Әл-Фараби кітапханасының Ақпараттық қызмет басқармасына қарасты негізгі кітап сақтау қорына жауапты бас кітапханашы-менеджер қызметін атқарып келеді. Негізгі кітап сақтау қоры Әл-Фараби кітапханасының басты бөлімдерінің бірі, себебі оқырмандардың сұранысын орындау үшін қорымыздағы кітаптардың кітапханалық стандарттар бойынша жүйелеп қойылуы қажет. Мақпалдың қорды жүйелеп сала бойынша талапқа сай орналастыруға белсенді атсалысуы – қазіргі кезде оқырмандардың сұраныстарын сапалы және тез орындаудың кепілі. Бас кітапханашы- менеджер ретінде негізгі кітап сақтау қор құрамын бақылауда ұстайды.
Сонымен қатар, М. Жаманкөзева басқарманың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеуге және жүзеге асыруға атсалысады. Негізгі кітап қорындағы әдебиеттерге мониторинг жасап, тозығы жеткен кітаптарды уақытылы кітапхана есебінен шығаруға дайындап, жаңа кітаппен қорды толықтыруға жағдай жасайды. Бұл негізгі қор үшін үлкен жұмыс, себебі қордың жаңаруы оқырмандардың сұранысының сапалы орындалуына тікелей байланысты.
Кітапханада қызмет атқарған 30 жыл уақытта Мақпал Аманкелдіқызы өзін қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маман, білікті кітапханашы ретінде көрсетіп, бар күш-жігерін, тәжірибесін Әл-Фараби атындағы кітапхананың жоғары деңгейде дамуына, көркеюіне жұмсап келеді.