Франкфурт кітап жәрмеңкесінің семинары

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында «Германияның федералды сыртқы істер министрлігінің және Франкфурт кітап жәрмеңкесінің демеушілігімен Орталық Азияда алғаш рет баспа ісінің өзекті мәселелеріне арналған семинар екі күнге жалғасты.
Іс-шараның тақырыбы – «Баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті». Форумда кітап саласының жетекші сарапшылар мен мамандары баспагерлер мен авторларға қатысты мәселелерді талқылап, заманауи полиграфия мүмкіндіктерін саралады. Пленарлық отырысқа ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебав, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті және бас директоры Юрген Боос қатысты.

Бұл іс-шара қазақстандық баспагерлер үшін баспа саласындағы заманауи технологиялар туралы жете білуге, халықаралық байланыстар орнатуға және әлемдік деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік туғызады.

Іс-шараның өтуіне ат салысқан университет ұжымына соның ішінде Әл-Фараби кітапханасының директоры Арекенова Жадыра Айдынгалиевнаға Алғыс хат беріп Франкфурт кітап жәрмеңкесі мен ҚазҰУ арасындағы одан әрі ынтымақтастықты арттыруға уәделесті.

Яндекс.Метрика