Махамбет Өтемісовтың туғанына 220 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті

Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында ұлы ақын, батыр және қоғам қайраткері Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай «Махамбет – қазақтың дауылпаз жыршысы» атты әдеби кеш өтті. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі – Махамбет Өтемісұлы қазақ халқының азаттық жолындағы күрескер тұлғасы ретінде белгілі, оның поэзиясы туған халқының азаттық, теңдік, еркіндік үшін күресін суреттейді.
Кеш Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын оқырмандарға терең танытып, насихаттау, өмірі мен өлеңдерінің ерекшелігін аша отырып, күйлері, термелері жөнінде түсінік беру, жырларын жас ұрпаққа түсіндіре отырып, ақынның халыққа өлеңмен ой салып, санасын оятуға ұмтылған ерекше қасиетін оқырмандардың бойына дарыту мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара модераторы филология ғылымдарының кандидаты, Дүниежүзілік Еуразия телевизия және радио академиясының академигі Мәншүк Тынышқалиқызы Мұқашева болды. Іс-шара барысында қатысушылар ақынның шығармашылығы мен күрескерлік рухы кеңінен талқылады. Университеттің филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы «Зейнолла Қабдолов және Махамбет тұлғасы» атты баяндама жасады. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақ философиясы Ғылым және білім орталығының директоры Нұрышева Гүлжиһан «Махамбет шығармашылығындағы экзистенциялық сарын», «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының докторанты Атаханова Нұрасила Амангелдіқызы «Махамбет мұралары – білім мен патриотизмнің ажырамас ұғымы» тақырыбында баяндама жасады.
Әрі қарай кеш қонақтары мен студенттер Махамбеттің шығармаларын оқып, ақынның сөз өнеріндегі мән-маңызы мен оның философиялық тереңдігі жөнінде пікір алмасты. Журналистика факультетінің «Медиа және коммуникациялар» білім беру бағдарламасының 2 курс докторанты Әбдіхалық Олжас Маханбетұлы «Исатайдың Махамбетке жазған хаты» атты өлеңін жатқа орындады. Қазақ ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясының және Т.Жургенов атындағы Ұлттық академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Айгүл Шоданқызы Қосанова шәкірттерімен келіп, әсем әнімен кештің сәнін кіргізді.
Әдеби кешке кітапхананың қорынан кітап және басқа құжаттардан көрме дайындалды, кеш барысында видеоматериалдар көрсетілді. Бұл іс-шара қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының біріне деген құрмет пен махаббатты арттырып, жас ұрпаққа Махамбеттің рухын жаңғыртуға, оның шығармалары арқылы ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Іс-шара кітапхана директоры Арекенова Жадыра Айдынғалиқызының мәдени даму мен мұраны сақтау үшін осындай кездесулердің маңыздылығын айтып, әдеби кеш қатысушыларына алғыс хаттар табыстаумен аяқталды.

Яндекс.Метрика