Әл-Фараби кітапханасының сирек және құнды басылымдар мен қолжазбалар залында «Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі» атты бірегей басылым бар. Кітапхана қорында осы энциклопедиялық сөздіктің 86 томы және шағын энциклопедиялық сөздіктің 3 томы бар. Бұл энциклопедиялық сөздік Қазақстан кітапханаларында бар басылымның түпнұсқасындағы толық томдардың бірі болып саналады.
«Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі» – 1890-1907 жылдар аралығында Ресей империясының Санкт-Петербургтегі «Ф.А. Брокгауз – И. А. Ефрон» акционерлік баспа қоғамы басып шығарған орыс тіліндегі әмбебап энциклопедиясы. Энциклопедияда 121 240 мақала, 7800 иллюстрация және 235 карта бар.
Неміс баспагері, «Брокгауз» баспа фирмасының негізін қалаушы Фридрих Арнольд Брокгауз және революцияға дейінгі ең танымал ресейлік баспагерлер мен кітап шығарушылардың бірі Илья Абрамович Ефрон бірге жұмыс істемек түгіл, бір-бірімен ешқашан кездеспеген де: И.А. Ефрон дүниеге келгенде, Ф. А. Брокгауздың дүниеден озғанына 24 жыл болған.
Энциклопедиялық сөздікте орыс және Ресейге қатысты мәліметтерді барынша жинау жоспарланған болатын. Энциклопедия бөлімдерінің редакторлары ретінде жұмыс істеуге белгілі ғалымдар мен философтар шақырылды, олардың ішінде сол кезде мерзімді жүйені ашқан химик Дмитрий Менделеев, әлемге әйгілі тарихшы және әлеуметтанушы Николай Кареев, салыстырмалы анатомия және зоологияның профессоры Эдуард Бранд, жалпы алғанда 100 танымал фамилия болды.
Өркениет пен мәдениет тарихы туралы кең мағлұматтар, бірегей фактілер мен статистикалық мәліметтер, көптеген өмірбаяндық деректер бұл басылымды әрбір білімді адам үшін таптырмас басылым етіп жасады.
Бүгінгі таңда «Брокгауз пен Ефронның энциклопедиялық сөздігі» қоғамдық игілік болып саналады: оның көптеген мақалалары әлі де ерекше тарихи құндылығын жоймаған.
Жарияланған күні: 11 мая 2024