Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Эдхям Тенишев кеңістігі: түркітану және ғылымдағы ғұмыр» атты II Халықаралық конференция өтті.
Тенишев Эдхям Рахимович — әлемге әйгілі шығыстанушы-түркітанушы, түркі және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы мен тарихы, көне түркі ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдері саласындағы маман.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрме мақсаты: іс-шараға қатысушыларды, қонақтарды, студенттерді Эдхям Тенишевтің еңбектерімен және кітапхана қорынан түркітану ғылымы бойынша әдебиеттермен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- «Эдхям Тенишев мұрасы»
- «Түркітану ғылымы»
- «Түркі тілінің негіздері»
«Эдхям Тенишев мұрасы». Э. Р. Тенишев ежелгі түркі ескерткіштерінің тілін үйренуде үлкен жетістіктерге жетті. Ғалым мен оның шәкірттерінің еңбектерінде дамыған бағыттардың бірі — ежелгі түркі тілдерінің ерекшеліктерін олардың Орталық Азия тілдер одағына жататындығына байланысты зерттеу. Ол ашқан тағы бір бағыт — ежелгі жазбаша тілдердің қызметін зерттеу, оларды әртүрлі дәуірлердегі этникалық топтарда қолдану.
«Түркітану ғылымы». Түркітану немесе түркология – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, этнографиясын, тарихын, ауыз әдебиетін, мәдениетін зерттеу нәтижесінде қалыптасқан. Шығыстану ғылымының жеке саласы. Түркітанудың пән ретінде дамуында XIX–XX ғ.ғ. зерттеле бастаған әдеби трактаттар мен филологиялық шығармалардың маңызы зор болды. Бұлардың қатарына түркі тайпалары туралы лингвистикалық, тарихи этнографиялық, фольклорлық деректерді жүйеге келтіре отырып жазылған алғашқы ғылыми еңбектер – Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігі, Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» атты әдеби дидактикалық шығармасы, ортағасырлық түркі халықтарының тарихынан, шығу тегінен мәліметтер берген Мұхаммед Хайдар Дулатитың «Тарихи Рашиди», Қыдырғали (Қадырғали) Жалайыридың «Жылнамалар жинағы», Рашид әд-Диннің «Жамиғ Ат-Тауарих», т.б. шығармалары жатады. Мұның бәрі XIX ғ-дың 2-жартысы мен XX ғ-дың 1-жартысында Түркітанудыңдың қалыптасып, орнығуына жағдай туғызды. Әлем халықтары ішінде түркі халықтары өзіндік тіл, тарих, мәдениет, салт-дәстүр ерекшеліктерімен айрықша орын алады. Түркітанушы қазақ ғалымдары қатарында А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Р.Әміров, Ә.Құрышжанов, т.б. зерттеушілерді атауға болады.
«Түркі тілінің негіздері». Түркі тілдері-Азия мен Шығыс Еуропада кең таралған тілдер. Түркі тілдерінің таралу аймағы солтүстік-шығыстағы Колыма өзенінің бассейнінен оңтүстік-батысқа қарай Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін созылады. Сөйлеушілердің жалпы саны-195 миллионнан астам адам. Әр түрлі халықтардың тілдік ерекшеліктерін зерттеу лингвистиканың жаңа бағыты болып табылады. Бүгінгі таңда лингвомәдениеттану өзекті филологиялық және лингводидактикалық ғылымдардың арнасында, онда тілдің ұлттық-мәдени ерекшелігінің әртүрлі аспектілері зерттеледі.