Әл-Фараби атындағы кітапханада «Күйзеліссіз сессия. Stress relief» жобасы аяқталды

Оқу жылы бойы кітапханалық-ақпараттық қолдау көрсетіп, студенттерді кітап қорымен және басқа да қолжетімді ресурстарымен қамтамасыз етіп келген кітапхана емтихан сессиясы кезінде тек емтиханға дайындалып, оны табысты тапсыруға ғана емес, емтихандар арасында демалуға да қолайлы жағдай жасады. Емтихандық сессия кезінде күйзелістік жағдайлардың алдын алу және студенттерге барынша жан-жақты психологиялық көмек беру, рухани қолдау көрсету мақсатында Әл-Фараби атындағы кітапханада «Күйзеліссіз сессия. Stress relief» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба аясында студенттерге емтихан арасында бой сергітіп, демалудың көптеген түрлері ұсынылды. Екінші қабат фойесінде, оқу залының жанында теннис ойнауды жақсы көретін білім алушылар үстел теннисі үстелі қойылса, үшінші қабатта студенттер дартс, дойбы, шахмат, домино ойындарын ойнап, тамаша сергіту сәттерін өткізіп жүрді.
Сонымен қатар, екінші және үшінші қабаттардың фойесінде – демалыс аймақтарындағы үстелдерге көркем шығармашылыққа арналған бұйымдар – «алмас кесте» жасауға арналған жиынтықтар, пазл жинақтары, тоқыма жіптері, қарындаштар, бояулар, қылқаламдар, шаблон бойынша және өз бетінше сурет салу арналған боямақ қағаз, альбомдар қойылды. Әр жұма күні кешке студенттер үшін 4-қабатта жақсы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. «Күйзеліссіз сессия. Stress relief» жобасының соңғы күні кітапхана алдында студенттердің осы жоба аясында жасаған бұйымдарынан, суреттерінен құралған көрме ұйымдастырылды.
Емтихандар арасындағы демалыс сәттерін ұйымдастыра отырып, емтихан сессиясын сәтті, жеңіл тапсыру үшін жағдай жасай отырып, сессия барысында студенттердің қолайлы атмосферасы мен көңіл-күйін қалыптастыра алдық деп үміттенеміз.

Яндекс.Метрика