Әл-Фараби кітапханасында Сұлтан Сартайұлы Сартаев 95 жылдығына арналған «Біз конституциялық кеңістікте өмір сүреміз. Академик С. С. Сартаевтың саяси-құқықтық көзқарастары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық форум өтті.
Сұлтан Сартайұлы Сартаев – кеңес және қазақстандық ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Құқықтану және халықаралық қатынастар институтының ректоры, Қазақстан заңгерлер қауымдастығының вице-президенті қызметтерін атқарған. Ол – еліміздегі Конституцияның негізін қалаушылардың бірі. Сартаев 1995 жылы еліміздің Ата Заңын дайындауға белсенді араласқан. Оның бастауымен Конституцияға Қазақстанның жер және жер қойнауы, ұлттық нышандарына байланысты көптеген маңызды өзгерістер енгізілді.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Қазақстанның заң ғылымы тарихында жарқын ізін қалдырған көрнекті ғалымның өмірбаяны мен жетістіктерін еске алып, саяси-құқықтық бағасын талдау, егеменді және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болған академик С. Сартаев еңбектерімен көпшілік оқырман қауымды таныстыру.
Көрме 5 бөлімнен тұрады:
- Ғибратты ғұмыр иесі
- Ғалым. Заңгер. Ұстаз
- Біз конституциялық кеңістікте өмір сүреміз
- Замандас болғаныма мақтанамын
- Профессорлық-оқытушылық құрам
«Ғибратты ғұмыр иесі». Көрменің бұл бөлімінде кеңес және қазақстандық ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері С. Сартаев жайлы жазылған Қазақстан ғалымдары мен заңгерлерінің, публицистика саласында жүрген қаламгерлердің шығармалары – ғылыми еңбектер, очерктер, естеліктер, т.б. ұсынылды.
«Ғалым. Заңгер. Ұстаз». Көрме заң ғылымдарының докторы, профессор С. Сартаевтың ғылыми-педагогикалық шығармашылығына арналды. Бұл жерде С. Сартаевтың заң ғылымы бойынша жазған өз еңбектері қойылды.
«Біз конституциялық кеңістікте өмір сүреміз». Көрменің бұл бөлімі мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат – Қазақстанның Ата заңы – Конституцияға арналады. Бұл жерде келушілер назарына ҚР Конституциясының тарихы, маңызы мен қызметі жөнінде жазылған ғылыми еңбектер, көпшілік оқырманға арналған кітаптар және т.б. басылымдар ұсынылды.
«Замандас болғаныма мақтанамын». Көрменің бұл бөлімінде С. Сартаевтың көзін көріп, ғылым саласында үзеңгілес, әріптес болған Қазақстан ғалымдары мен заңгерлерінің ғылыми еңбектері – заң ғылымы тарихы, бөлімдері бойынша монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары қойылған.
«Профессорлық-оқытушылық құрам». Бұл бөлменің мазмұндық салмағын ҚазҰУ-дың заң факультеті оқытушы-профессорлар құрамының монографиялары, оқулықтары, оқу құралдары мен басқа да ғылыми еңбектері, шетелдерде жарық көрген кітаптары және т.б. басылымдар құрайды.
Көрменің оқырмандық бағыты: Ғылыми-практикалық конференция қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 150-ге жуық кітап, мерзімді басылымдар.
Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде