Мемлекеттік тіл — менің тілім

Әл-Фараби кітапханасында ҚазҰУ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты Республикалық медицина қызметкерлерінің байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Тіл адам жанының тілмашы
Мағжан Жұмабаев

Мемлекеттік тіл егемен еліміздің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады, Мемлекеттік тіл — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындап, қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 3 маусым 2022 жыл

Көрменің мақсаты: Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, тіл байлығын игеруге, ана тілімізді қадырлеуге ықпал ету, Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі екендігін айту.

Көрме үш бөлімнен тұрады:

  • Қазақ тілі рухани қазына
  • Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде
  • Ұрпақтың денсаулығы – ұлттың саулығы

Қазақ тілі рухани қазына. Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатыстардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. «Ана тіліміз-асыл мұра». Тіл халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу барша жанның тікелей борышы.

Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол — қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.

Ұрпақтың денсаулығы – ұлттың саулығы. Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Дүниежүзінің өркениетті елдерінің барлығында дерлік халық денсаулығы, әсіресе жастардың денсаулығы басты ұлттық құндылық және мемлекеттік саясаттың басым бағдары болып табылады. Дені сау ұлт – мемлекет байлығы. Дені сау ұрпақ-ел болашағы. Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі шыныққан, денсаулығы мықты, саламатты өмір салтын ұстанған ұрпаққа байланысты. Кез — келген мемлекеттің басты байлығы — адам және оның денсаулығы. Денсаулығы мықты, шымыр да шыныққан, бәсекеге қабілетті ұрпақтың алатын асуы биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Көрменің оқырмандық бағыты: іс-шараға қатысушылар, қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.

Көрменің безендірілуі: кітаптар, журналдар, газеттер.

Яндекс.Метрика