Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Креативті индустрияны дамытудың келешегі» тақырыбында жастармен кездесу өткізді.
Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, көрнекті ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.
Күні: 27 желтоқсан 2021 ж
Уақыты: сағ 15:00 де
Көрмені ұйымдастырушы: әл-Фараби кітапханасы.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Әл-Фараби кітапханасының «Тәуелсіздік: ақиқатқа айналған арман»көрмесінің тұжырымдамасы
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
Қ. К. Тоқаев
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ежелден аңсаған арманы. Қазақстан тәуелсіз ел болып, әлем елдерімен терезесі тең өмір сүріп жатқанына 30 жыл толды. Осы жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың басқаруымен Қазақстан әлемге бейбіт сүйгіш және ел ішіндегі татулықты паш ететін ел ретінде танылды. Өзінің белгіленген шекарасы, Мемлекеттік рәміздері, Конституциясы, тілі, ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі, мәдениеті бар тәуелсіз елге айналды.
1991 жылдың 16 желтоқсаны халқымыз үшін қасиетті күн болды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған түбі бір Түркия елі. Тек бір ел ғана емес, барша әлем елдері мойындап, қолдау көрсетті. Қазақстан Республикасы ішкі, сыртқы саясатын, экономика, валюта, жалпы қоғамның барлық саласын тәуелсіз еліміздің жаңа саясатына сай қалыптастырды. Бүгін еліміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен жарқын болашаққа ұмтылуда. Сондықтан биыл Қазақстан Республикасының 30 жылдығы жыл бойы елімізде үлкен құрметпен аталып өтуде.
Бұл көрменің мақсаты — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жыл ішінде жүріп өткен жолы, халқымыздың басынан өткен қиындықтардың жетістікке әкелуі, бүгінгі күнде әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан қазақстандықтар өз жолын таңдап Мәңгілік Қазақ елін қалыптастыру, бабаларымыздың аманатын орындау жолында өмір сүріп, еңбек етіп болашақ ұрпақтарға үмітін жалғауын кітапхана қорындағы құжаттар арқылы көрсету.
Әл-Фараби кітапханасы«Тәуелсіздік: ақиқатқа айналған арман»көрмесін ұсынады
Әл-Фараби кітапханасы Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мерекесіне орай «Тәуелсіздік: ақиқатқа айналған арман» көрмесін ұсынады. Әл-Фараби кітапханасы елімізбен бірге тәуелсіздік мерекесін атап өтуге өз үлесін қосып, Әл-Фараби кітапханасы қорындағы тәуелсіздік тақырыбына арналған кітаптар, журналдар және тағы басқа құжаттарды көпшілік назарына осы көрме арқылы ұсынады. Бұл көрме бізді тәуелсіздік жолындағы еліміздің жаңа тарихын тағы бір еске түсіруге жетелейді.
Көрме мына бөлімдерден тұрады
- Елін сүйген, елі сүйген Елбасы
- Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент
- Билік сабақтастығы
- Тәуелсіздік: ақиқатқа айналған арман
- Тәуелсіздік стратегиясы – тұрақтылық, береке-бірлік
- Тәуелсіздік туы биікте желбірейді
- Тәуелсіздіктің бейбіт күндері
- Тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясат
- Тәуелсіздік жылдарындағы рухани жаңғыру
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістіктері
Көрмеге қысқаша шолу
- Елін сүйген, елі сүйген Елбасы Көрмені Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа арналған кітаптар топтамасы ашады. Еліміз тәуелсіздік алған кезде билік тізгінін Н. Ә. Назарбаев өз қолына алып, Тәуелсіз Қазақстанды алға көрегендік саясатымен жетеледі. Бұл жерде біз Елбасының бейнесін әр қырынан ашатын түрлі кітаптармен танысамыз. Соның ішінде: «Біз білетін Елбасы» кітабынданда Елбасының балалық, жастық шағынан бастап кемеңгерлікке дейінгі өмірі баяндалады. Сол кезеңдердің куәгерлері – Елбасының ұстаздары, сыныптастары мен курстастары, жерлестері мен замандастары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері Елбасының шәкірт, жолдас, дос, тұлға ретіндегі қырларымен таныстырып, өздерінің ой-пікірлерін, қызықты мәліметтерге толы мазмұнды естеліктерін ашық ортаға салады. «Тұлға туралы толғамдар» жинағында Елбасы туралы еліміздің басты орталық басылымдарында жарияланған мақалалар мен сұхбаттар енгізілген, тағылымдық деректерге бай басылым. Сонымен қатар «Летопись лидерства», «Исторический выбор» кітаптары оқырмандарды қызықтырады.
- Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент Тұңғыш Президент, Н. Назарбаев еңбектері көрменің келесі бөлімін құрайды. Бұл бөлімде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды. Тоғыз тараудың әрқайсысы тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын ашып көрсетеді. Кітап Елбасының ел жастарына арнаған үндеуі түрінде құрылған. Көрменің бұл бөлімінде Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары: Ойлар, толғаныстар» кітабында ел мен жер тағдыры, ана тіліміздің абыройы, дәстүр, отбасы сияқты көптеген құндылықтарға арналған Елбасының тұжырымды ойлары енген. Бұл бөлімге Елбасының басқа да кітаптары қойылған.
- Билік сабақтастығы Көрменің билік сабақтастығына арналған бөлімінде еліміздің Президенті Қ. Тоқаевтың еңбектерін, Елбасы саясатын жалғастыру арқылы қоғамдағы қызметі, бүгінгі күн өзгерістері жайлы басылымдарды көреміз. Бұл жерде Қ. Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» кітабы Қазақстанның сыртқы саясатының орнығу, даму және нығаю тарихына арналған. Кітапта бірқатар тарихи фактілер бар, бұлар еліміздің дамуы туралы мол танымдық дерек береді. Президентіміз Қ. Тоқаев туралы «Дұрыс таңдау – егемендікті сақтау» кітабы да көпшіліктің назарын аударады. Осы жерде Қ. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» кітабы тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің сыртқы саясатының қалыптасу және даму барысына жан-жақты талдау жасалады. Қарапайым тілмен жазылған бұл кітап дипломатия саласының мамандарын ғана емес көпшілік қауымды да қызықтырады.
- Тәуелсіздік: ақиқатқа айналған арман Еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихы көрменің осы бөлімін толықтырады. Бұл жерде Б. Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» бұл монографияда автор Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетеді. Бұл бөлімде М. Қойгелдиевтың «Алаш қозғалысы» кітабы және басқа да тарихи кітаптар көпшілік назарына ұсынылған.
- Тәуелсіздік стратегиясы – тұрақтылық, береке-бірлік ЗТәуелсіздік жылдарында елімізде сақталған тұрақтылық, береке-бірлік Қазақстанда тұратын халықтардың даналығын көрсетті. Бүгінгі қоғамымыз әлемге үлгі болуға лайық. Осы тақырыпта көрмеге Қ. Сұлтановтың «Елбасы және қазақ мемлекеттігі», «Ассамблея народа Казахстана в истории страны» кітабында еліміздегі этносаралық татулық жайлы әр түрлі ұлт өкілдері әңгімелейді.
- Тәуелсіздік туы биікте желбірейді Тәуелсіздік жылдары Туымыз көкте желбіреп, елімізді әлем таныды, сол кездерде астананың көшуі жайлы Н. Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабы жаңа астананың қалыптасуы, болашаққа ұмтылған әсем қала жайлы әңгімелейді. Сонымен қатар «Бейбітшілік кіндігі» кітабы, дипломатия саласының дамуы туралы И. Адырбековтың «Елшінің жазбасынан» кітаптары оқырмандарды Тәуелсіздік тарихымен терең танысуға жетелейді.
- Тәуелсіздіктің бейбіт күндері Көрменің «Тәуелсіздіктің бейбіт күндері» бөлімінде С. Сатыбалдиннің «Қазақстан таңдауы: «2030 Стратегиясы». «Мәңгілік ел». «Нұрлы жол», Ә. С. Бейсенованың «Қазақ елі – Мәңгілік ел», «Нұрлы жол», «Мәдени мұра» — қазақ тарихының дерек көзі» жинағында бағдарлама аясында атқарылған ізденістер, деректік негіз болған құжаттар кіргізілген.
- Тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясат Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясатына арналған көрменің бөлімінде «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты» ҚР көпжақты және екіжақты ынтымақтастығын сипаттайтын саяси-дипломатиялық құжаттар енгізілген оқу құралы. «Инициативы, направленные в мир», А. Арыстанбекованың «Казахстан в ООН: история и перспективы», «Казахстан в международном сообществе» кітаптары назарға ұсынылған.
- Тәуелсіздік жылдарындағы рухани жаңғыру Қоғамымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған кітаптар қойылған бөлімінен «Нурсултан Назарбаев – Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Сакральная география Казахстана» басылымдары назар аударады.
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістіктері ҚазҰУ жетістіктеріне арналған көрме бөлімінде әл-Фарабидің «Ғылымдардың жіктелуі туралы», «Научное наследие аль-Фараби» ҚазҰУ ғалымдарының әл-Фараби еңбектерін талдауға арналған кітабы, «Абайтану антологиясы» 10 томдығы, «Біздің элита», Ж. Түймебаев, Ғ. Сағидолданың «Алтаистиканың тарихи-лингвистикалық негізі: фонетика, морфология» кітаптары және тағы басқа ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері көпшілік назарына ұсынылған.
Көрменің оқырмандық бағыты: қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.
Көрмеге қойылған құжаттар: кітаптар, журналдар, газеттер.
Көрменің безендірілуі: цитаталар.
Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы Тәуелсіздікке арналған материалдармен оқырмандарды таныстыру.